Шымкентте Нұрайдың қазасына қатысты "Некеге тұруға мәжбүрлеу" бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді

Шымкентте танысының қолынан қаза тапқан 21 жастағы қыздың ісі бойынша тағы бір қылмыстық іс тіркелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қылмыстық іс тіркелгенін адвокат Аянхан Омаров мәлімдеді.
“Нұрайдың ісі бойынша Қылмыстық кодексінің 125-1-бабымен (некеге тұруға мәжбүрлеу) қылмыстық іс тіркелді. Елді дүрліктірген осы қылмыстық іс президентіміздің тікелей бақылауында тұр. Қазір Ішкі істер министрлігінен арнайы комиссия келген. Білікті полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылған. Осы қылмыстық іс бойынша жан-жақтылық қамтамасыз етіліп, әділ, сапалы тергеу жүргізіледі деп сенемін”, – деп жазды адвокат.
Шымкенттегі Нұрайдың өлімі: Президент тапсырмасынан соң салғырттық танытқан полицейлерге іс қозғалды
"Өлімнен тренд шыққаны өкінішті": Желіде "Нұрай үшін" тренді қазақстандықтардың ашуын туғызды
Еске салайық, бұған дейін 11 қаңтар күні кешкі уақытта Шымкент қаласындағы Төлеметов көшесіндегі үйлердің бірінің маңында 21 жастағы қыздың пышақ жарақаттарынан қаза тапқаны хабарланған еді. Қайғылы оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Кадрлардан қыздың қашып құтылуға тырысқаны, қарсылық көрсеткені, одан кейін шабуылдаушының оны ұрып-соғып, пышақпен бірнеше рет жарақаттағаны, соңынан оқиға орнынан бой тасалағаны көрінеді. Ресми емес ақпаратқа сәйкес, Нұрай Серікбай 11 рет пышақ жарақатын алған.
Оқиға фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыс жасады деген күдікпен 28 жастағы Шерхан Аймахан күдікті ретінде аталып отыр. Ол шабуылдан кейін көлігімен оқиға орнынан қашып кеткен. Қаза тапқан Нұрай Серікбай студент болған, ата-анасымен бірге қылмыс болған жерге жақын маңдағы көпқабатты үйлердің бірінде тұрған. Отбасында кенже бала болған, артында екі ағасы қалды. Қызбен қоштасу рәсімі 13 қаңтар күні Төрткөл ауылында өтті. Күдікті ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Марқұмның туыстары оның бұған дейін қызды ұрлап әкеткенін де алға тартады.
Неке шарты қазақстандық әйелді ажырасу кезінде қорғай алмаған: Тойға дейін келісімшарт жасау қажет пе?