Шымкентте ломбардты ойыншық тапаншамен тонамақ болған қылмыскерге сот үкім шығарды
Шымкентте 18 жастағы жасөспірім тоқтатқан ойыншық мылтық ұстаған қарақшыға сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: police_shymkent
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында айыпталушыға қатысты Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі – 191-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен (зорлық-зомбылық қолданамын деп қорқытып, бөтеннің мүлкін ашық ұрлауға оқталу) қылмыстық іс қаралды.
"Жәбірленуші тараптың қарсылығы болмаған жағдайда айыпты мұндай өзгерту сот үшін міндетті. Сотталушының кінәсі жәбірленуші мен жәбірленушінің өкілінің айғақтарымен, бейнежазбалармен және басқа да дәлелдемелермен дәлелденді. Жоғарыда айтылғандардың негізінде сот сотталушыны кінәлі деп таныды. ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігінде, 191-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыс ауырлығы орташа қылмыстарға жатады", – делінген хабарламада.
Жеңілдететін мән-жайларға кінәсін мойындау, жасаған қылмысына шын жүректен өкіну, жастығы, соттылығының болмауы жатқызылды. Жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлар белгіленбеген. Заңға сәйкес қылмысқа оқталу үшін жаза ең жоғары мерзімнің ¾ бөлігінен аспауы керек. Іс бойынша тергеу жеделдетілген тәртіпте жүргізілді, сондықтан Қылмыстық кодекстің 56-бабының 3-бөлігіне сәйкес, жаза ең жоғары мерзімнің ½ бөлігінен аспауы керек.
Бұған байланысты сотталушы 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеуге жатады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Шымкенттегі Рысқұлов көшесінде орналасқан ломбардтардың біріне медицина маскасын киген белгісіз адам кіріп, ломбард қызметкерлеріне қолындағы тапаншаға ұқсас затпен қорқытқан еді. Ол касса қызметкерінен 100 мың теңге талап еткен. Сол сәтте күдіктіні ұстауға 18 жастағы студент көмектескен.