Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте лифт сегізінші қабаттан құлап кетті: Ішінде адам болды

Шымкентте лифт сегізінші қабаттан құлап кетті: Ішінде адам болдыФото: Видеодан скрин

Шымкентте лифт сегізінші қабаттан құлап кетіп, кабина ішінде болған қыз аяғын қатта жарақаттап алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұл жағдай жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінде болды. Куәгерлердің айтуынша, лифт сегізінші қабатқа дейін көтеріліп, кенет құлаған. Адамдар қыздың айқайлаған даусы мен әйнектің сынғанын естіген. Кейін кабина қайтадан жетінші қабатқа көтерілген. Сол сәтте іштегі қызды сыртқа шығарып, дәрігерлерге тапсырған.

“Лифт құлап, абыр-сабыр болып кетті. Адамдар көмекке жүгірді. Есіктерді ашып, қарап, шаммен жарық түсірдік, бірақ төменнен де, жоғарыдан да ештеңе көрінбеді. Ақырында жетінші қабаттан таптық. Лифт құлап, кейін қайта көтерілгендей болды”, – дейді тұрғын үй кешенінің күзетшісі Мұхтар Әуелбеков.

Лифтке қатысы бұл төтенше жағдай осымен екінші рет қайталанғаны белгілі болды. Бұған дейін көрші подъезде де лифт құлаған, ол кезде зардап шеккендер болмаған. Оқиға бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен қыз ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оған жабық компрессиялық сынық деген диагноз қойған. Сондай-ақ оның табан сүйектері сынған.

“Қазіргі жағдайы орташа ауыр, ол тұрақты бақылауда, барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр”, – деп мәлімдеді басқармадағылар.

Айым Болатқызы
Сенбі, 31 Қаңтар, 2026 08:30