Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте құқық қорғау органының басшысы 70 млн теңге пара алып, оған екі пәтер сатып алған

параФото: istockphoto.com

Шымкентте алқабилер аса ірі көлемдегі сыбайлас жемқорлық ісі бойынша үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен аса ірі көлемде пара алу, жымқыру және қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану фактілері бойынша бес адамға қатысты іс қаралды.

Тергеу мәліметінше, С.М. Шымкент қаласында құқық қорғау органында басшылық қызметін атқарып жүріп, 2019-2020 жылдар аралығында кәсіпкерден оның жеке мектебінің қызметіне қамқорлық жасағаны үшін 70 млн теңге пара алған. Одан кейін екі пәтер сатып алып, оларды жалға беру арқылы және сатудан пайда тапқан.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының 2020 жылы заңсыз өткізілген медициналық бұйымдарды мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде бөлім басшысының м.а. Д.Ч. және жеке кәсіпкер Т.Е. 92 млн теңгеден аса ақшаны жымқырған.
С.М. жасалған қылмысты біле тұра, өзіне және басқа тұлғаларға пайда келтіру мақсатында, қызмет бабында әрекетсіздік танытқан, яғни Д.Ч. мен Т.Е.-ның қылмыстық әрекеттерін тоқтатпаған.

В.Т. Денсалық сақтау басқармасы басшысының орынбасары бола тұра, медициналық бұйымдар мен құрылғыларды сатып алу кезінде лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану нәтижесінде, ауыр салдарға алып келген.

С.А. жедел уәкіл бола тұра, заңсыз кәсіпкерлік қызметімен айналысып, Д.Ч.-ға медициналық құрылғы сатып алу үшін 7,5 млн теңге ақша қаражатын беріп, одан 14,4 млн теңге көлемінде заңсыз пайда алған.

Соттың үкімімен:

•    С.М. аса ірі көлемде пара алу және ақшаны заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп танылып, 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Алаяқтық және пара беруге азғыру баптары бойынша ақталып шықты.

•    Д.Ч. 7 жылға,

•    Т.Е. 7 жылға бас бостандығынан айырылды (жаза шартты түрде есептелді).

•    С.А. 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді және рақымшылыққа байланысты жазадан босатылды.

•    В.Т. 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасына тартылды.

Сонымен қатар төрт сотталғанға мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет иеленуге тыйым салынды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
 

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 08 Қазан, 2025 17:56
Талқылау