Шымкентте көшеде жартылай жалаңаш жарнамаға түскен қыз 5 тәулікке қамауға алынды
Шымкентте көшеге іш киіммен шығып, қоғамдық тәртіпті бұзған қызға ұсақ бұзақылық бабы бойынша әкімшілік айып тағылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: colomna.ru
Шымкент әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Е-ге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігімен (қоғамдық орындарда айналасындағыларға құрметпен қарамауды бiлдiретiн, қоғамдық тәртiп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын әрекеттер) әкімшілік іс қаралды.
Мәліметтерге сенсек, Е есімді қыз 2024 жылдың қараша айында Шымкент қаласындағы Әл-Фараби алаңында орналасқан Shymkent Plaza сауда үйінің алдында, жартылай жалаңаш күйде іш киіммен жарнамаға түскен. Сотта қыз өзінің кінәсін мойындап, өкінетінін және соттан қатаң жаза қолданбауды сұрады.
Е-нің әкімшілік құқық бұзушылық әрекеті әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, түсініктемесі және іске тіркелген видеомен бекітілген.
"Сот қыздың әрекетінде құқық бұзушылық жасаған фактісі өз дәлелін тапты деген тұжырымға келді. Сонымен қатар Е-нің өз әрекетінің құқыққа қарсы сипатын сезініп, саналы түрде жол бергендіктен әкімшілік құқық бұзушылықтарды қасақана жасаған деп танып, оған 5 (бес) тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындады", – делінген сот хабарламасында.
Сот қаулысы заңды күшіне енбеген.
Еске салайық, бұған дейін Астанада "Хан Шатыр" алдында іш киімін шешіп, видео түсірген қыздың жазаланғанын жаздық. Елордалық блогер Карина бейәдеп видео жариялағаннан кейін жанжалдың ортасында қалды. Кадрларда "Хан-Шатыр" сауда орталығының кіреберісіне жақын жерде тұрған бойжеткен ішкиімін шешіп, онымен қалай қол бұлғап жатқаны көрсетілген. Видео “Өзіне сенімді қыздарға ішкиім керек емес”деген сипаттамамен таралған. Әлгі бейнежазбаны көрген желі қолданушылары түрлі пікір айтып, қызу талқыға түсті.