Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан Нұрайдың отбасы істі Ішкі істер министрлігіне беруді талап етті

Нұрай Серікбай ісіне қатысты жаңа дерекФото: instagram.com/serikbay_sultan

Шымкентте қаза тапқан Нұрайдың отбасының мүддесін қорғап жүрген адвокат істің барысына қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Адвокат Сержан Нұрпейісовтың мәліметінше, жәбірленуші тарап Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты тіркелген қылмыстық істі Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаментіне жүктеп, ал іс бойынша прокурорлық қадағалау жүргізуді Бас прокуратураға тапсыру қажет деп санайды.

“Осы деректер жәбірленуші тараптың Шымкент қаласының Полиция департаментіне және Шымкент қаласының прокуратурасына деген сенімсіздігін тудырып отыр және қылмыстық істің ары қарай осы органда тергелуіне қарсылық білдіріп отыр”, – делінген жарияланған мәлімдеменің бір бөлігінде.

Адвокаттың сөзінше, марқұмның отбасы осы талаптар орындалған жағдайда ғана қылмыстық іс бойынша соталды тексеру әділ әрі жан-жақты жүргізіледі деген сенімде.

Нұрай Серікбай ісіне қатысты жаңа дерек

Еске салайық, бұған дейін 11 қаңтар күні кешкі уақытта Шымкент қаласында 21 жастағы қыздың пышақ жарақаттарынан қаза тапқаны хабарланған еді. Нұрай Серікбай 11 пышақ жарақатын алған. Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыс жасады деген күдікпен 28 жастағы Шерхан Аймахан есімді ер адам қамауға алынды.

Нұрайдың туыстары марқұмның бұған дейін күдіктінің үстінен полицияға шағымданғанын, алайда қызметкерлердің қыздың арызын қабылдамай қойғанын айтып, полицияны немқұрайлық танытты деп айыптады. 

Іске қатысты Қасым-ЖомартТоқаев да пікір білдіріп, бұл оқиғаның қоғамда кең резонанс тудырғанын айтқан еді. Президент ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырды.

Балнұр Жұмаділла
Дүйсенбі, 02 Ақпан, 2026 15:51