Шымкентте "Дикий Арман" ісі бойынша алты күдіктіге үкім шықты
Фото: Instagram/armandzhumageldiev
Шымкент соты атышулы қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиевтің сыбайластарына қатысты қылмыстық істі қарауды аяқтады. 6 күдіктіге “Дикий Арман” қылмыстық тобының мүшесі деп айып тағылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Otyrar порталының мәліметінше, сот оларды ауыр баптар бойынша, атап айтқанда, бопсалау, қаруды заңсыз айналымға салу, өзіне-өзі қол жұмсауға жеткізу және заңсыз бостандықтан айыру баптарымен кінәлі деп таныды.
Сотталушылардың төртеуі бір жылдан жеті жылға дейін сотталды. Мысалы, Арман Сартаев өз бетімен әрекет етіп, заңсыз бостандықтан айырғаны үшін түрмеде 5 жылға жуық жазасын өтейді.
Даур Тәукев бопсалап және заңсыз қару сақтағаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Айдар Оразов — қару сақтап, тасымалдағаны үшін 4 жыл, ал Ғалым Ашыров заңсыз бостандықтан айырғаны үшін 1 жылға сотталды.
Топтың тағы бір мүшесі — Даулет Оразбай 1 жыл шартты жаза алды. Ол қажетті қорғаныс шегінен асырып, ауыр дене жарақатын келтіргені үшін және адамды заңсыз бостандықтан айырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Алтыншы айыпталушы — Ерасыл Тоқтасын — жәбірленушімен татуласқан соң жауапкершіліктен босатылды.
Сотта айыпталушылар өз кінәсән мойындады. Сондай-ақ олардың кінәсі жасырын тергеу әрекеттерімен, сараптама нәтижелерімен және өзге де дәлелдермен расталды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ, тараптардың апелляциялық шағым беру құқығы бар.
Еске салайық, Арман Жұмагелдиев 2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты 20 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Қылмыс әлемінің серкесі жаппай тәртіпсіздіктерге қатысып, оларды ұйымдастырғаны, адам ұрлап, оның өліміне себеп болғаны, сондай-ақ адамды заңсыз бостандықтан айырғаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 10 жыл бойы қоғамдық-саяси және публицистикалық қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Бұған жейін Арман Жұмагелдиевтің абақтыда өзіне қол салмақ болғаны туралы жазған едік.