Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте декреттегі аналар төлемдерін жарты жылдан бері ала алмай жүр

Шымкентте декреттегі аналар мемлекеттен түсуі тиіс төлемдерін ала алмай жүр. Жүзден астам әйел жарты жылдан бері жөргекпұлға қол жеткізе алмай жүргендерін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скриншот

Шымкенттегі әлеуметтік сақтандыру қорына аналар мен жүкті қыз-келіншектер күн сайын келетін болған. Барлығы алты айдан бері босанғанға дейінгі және балаға берілетін көмекке қол жеткізе алмай жүр. Солардың бірі – төртінші рет ана атанған Ақмарал Балабекова. Келіншек бұрын-соңды мұндай жағдай болмаған еді дейді.

“Міне, босанғаныма үш ай болды. Босанғанға кейінгі төлемді алып қойдым. Бірақ босанғаннан кейінгіні ала алмай жатырмын. Туып болған соң, тағы құжат алып келіңіз дейді. “Не алып барайын?” десем, кар шот дейді. Не ол десем, айлықты қолма-қол алмайсыз, банк шотына аударылады дейді. Ал оны қалай аламын? Осы уақытқа дейін қолма-қол алып қойғам”, – деді Шымкент тұрғыны Ақмарал Балабекова.

Қалада жұмыс істеп, жалақы алғанын дәлелдей алмай жүрген тағы жүзден астам ана бар. Айтуларынша, он шақты жерден онлайн табыс тапқан. Олар үш-төрт миллион теңгемен декретке шығамыз деп жоспарлаған екен.

“4 миллиондай түсу керек болған. Баламның ақшасы бар. Оны да ала алмай отырмын. 150 мыңның үстінде түсу керек ғой. Мен зейнетақы қорындағы аударымдарды, әлеуметтік аударымдарды, медсақтандыруды қазір төлемесем аурухана қарамайды”, – деді шымкенттік Айдын Әбдісаттарқызы.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының өкілдері бала босанудың бизнеске айналғанын айтады. Делдалдардың декретке он миллион теңгемен шығарамыз деген жарнамасын да мысалға келтірді. Қазір оларға қатысты қылмыстық іс қозғалған.

“Біз қазір тексеру шеңберінде ақпаратты міндетті түрде құқықтық органдарға береміз. Құқықтық органдардың қорытындысы шығады. Егер бұл факт дәлелденбеді десе, біз төлеп береміз. Қыркүйектің басынан бастап бүгінге дейін мекеме бойынша 466 бас тартылған шешім шықты. Бұл шешімнің негізі – орташа айлығының дәлелденбегендігі”, – деді "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" ақ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Досбол Тілләбеков.

Енді табысын өтірік көрсеткен жүкті келіншектер жазаға тартылады. Сол үшін табыс көзін ашық әрі шынайы көрсетуге кеңес береді.

Талқылау