Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Шымкентте 36 адам кәсіп ашуға берілген гранттың ақшасын өз қажетіне жұмсаған

Шымкентте 36 адам мемлекеттік грантты басқа мақсатқа жұмсаған. Мұны қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлім етті. Олар ақшаны кәсіп ашудың орнына жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

2024 жылы Шымкент қаласының 428 тұрғыны кәсіп ашу үшін қайтарымсыз грант алды. Әрқайсысына 1 476 800 теңгеден берілді. Бірақ тексеріс кезінде 36 адам ақшаны басқа мақсатқа пайдаланғаны анықталды. 10 іс бойынша материалдар сотқа берілді, қалғанында қаражатты қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"2019 жылдан бері әлеуметтік жағынан осал азаматтарға 400 АЕК-ке дейін жәрдемақы тағайындалды. Биыл 36 алушы шартты бұзды. Қазір қаржыны бюджетке қайтаруды қолға алып жатырмыз", – деді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

Шенеуніктің айтуынша, өткен жылы да 138 адам өз міндеттерін орындамай, 158 миллион теңгені қайтаруға міндеттелді. Әзірге 45 миллионын қайтарып алған, қалғаны қарастырылып жатыр.

"Біз бақылауды күшейттік, заңбұзушылықтар саны айтарлықтай азайды, біз бұл үрдісті сақтап қалуды көздеп отырмыз", – деді әкім орынбасары. 

2025 жылы қосымша 260 грант бөлу жоспарланып отыр. Өтініштер бүкіл ел бойынша бір күнде қабылданады.

Қолдау бағдарламалары бойынша қазірдің өзінде 10 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды. 2025 жылдың соңына дейін 49 мыңнан астамын қамту жоспарланып жатыр.

"Шымкентте жұмыссыздық – 4,8%, жастар арасында 3,5%. Бұл – елдегі ең төменгі көрсеткіштердің бірі", – деді Құранбек.

Атаулы көмек алушылардың саны да азайып келеді. Биылдың бірінші тоқсанында оған 22 215 адам өтініш білдірген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда үштен бір есе аз. Мүгедектерді қолдауды қаржыландыру ұлғайды – 16 мыңнан астам алушыға 14,7 млрд теңге бөлінді.

Қырмызы Скендирова
Дүйсенбі, 28 Сәуір, 2025 09:07
Талқылау