Шымкентте 2,7 миллиард теңгеге салынған бөгетті заңсыз қазба жұмыстарын жүргізгендер бүлдірген

Шымкентте Бадам өзенінде 2,7 млрд теңгеге салынған жаңа бетон бөгеттің шамамен 40 метрі бұзылды. Билік өкілдерінің мәліметінше, гидроқұрылыстың бүлінуіне өзен арнасынан тас заңсыз өндіргендер себепкер болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шымкенттегі Бадам өзенінде жағалауды бекіту жұмыстары аяқталғаннан кейін небәрі бірнеше ай өтпей жатып, жаңа бетон бөгеттің шамамен 40 метрі бұзылған. Гидротехникалық нысанға келтірілген зиянға қатысы бар тұлғаларды құқық қорғау органдары анықтап жатыр, ал мердігер нысанды кепілдік аясында қалпына келтіреді.
Жоба өткен жылдың желтоқсанында аяқталған. Шымкенттегі Бадам өзенінің бойында 5,3 шақырым жағалау сызығы нығайтылды. Игілік, Жанаталап және Көкбұлақ тұрғын алаптары маңында мамандар өзен арнасын тегістеп, еңістерін бетондап, гидротехникалық құрылыстарды күшейткен.
Мұндай жұмыстарға бюджеттен 2,7 миллиард теңге бөлінген. Жаңартылған бөгет көктемгі су тасқыны кезінде су деңгейі көтерілгенде болатын су басу қаупін азайтады деп жоспарланған.
Алайда бекітілген құрылыстың бір бөлігі қазірдің өзінде бүлінген. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мәліметінше, белгісіз адамдар өзен арнасынан тас заңсыз өндірген. Соның салдарынан бетон конструкциясы зақымданған.
"Заңға қайшы әрекеттердің нәтижесінде бетон бөгеттің шамамен 40 метрі бүлінді. Құқық қорғау органдары кінәлілерді анықтап жатыр", – деді басқарма басшысы Әбілқайыр Оңғар.
Ведомство өзендегі жағдай тұрақты екенін, су басу қаупі жоқ екенін мәлімдеді. Зақымданған учаскені мердігер ұйым өз қаражаты есебінен қалпына келтіреді. Жоба жеті жылдық кепілдік мерзімінде тұр.
Айта кетейік, Бадам өзеніндегі заңсыз қазба мәселесі алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Бұған дейін құм-қиыршықтас қоспасы жер теліміне мемлекеттік актісі бар кәсіпкердің аумағына тасымалданғаны хабарланған. Алайда құжаттарда пайдалы қазбаларды өндіруге емес, балық шаруашылығын жүргізуге ғана рұқсат көрсетілген.
Сонымен қатар жағдайды өзен бойындағы тығыз құрылыс та қиындатып отыр. Су қорғау аймақтарының шекарасы жылдар бойы нақты белгіленбегендіктен, меншік иелері нысандарды келісімсіз тұрғызған. Ресми дерек бойынша, жағалау аймағында заң бұзылып салынған 2 378 құрылыс анықталған.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысы Келес ауданында ауылдарды жалғап тұрған 1970 жылы салынған көпір опырылып, бірнеше елді мекен қатынассыз қалды. Көпірмен бірге су құбыры да құлап, тұрғындар ауызсусыз қалған. Бұған дейін жергілікті халық көпірдің қауіпті жағдайда тұрғанын айтып, бірнеше рет ескерткен.
"18 жыл бойы несиесін өзім төледім": Ақтөбеде 72 жастағы зейнеткер жалғыз ұлымен үйді бөлісе алмай жүр