Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте №2 мамандандырылған ХҚКО-ның 15 қызметкеріне сот үкімі шықты

Шымкентте №2 мамандандырылған ХҚКО-ның 15 қызметкері сотталдыФото: Видеодан скрин

Шымкентте №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының 15 қызметкеріне қатысты үкім шықты. Кейбір айыпталушылар бас бостандығынан айырылды, бір бөлігі амнистияға ілініп, тағы бірнешеуі ақталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сот Халыққа қызмет көрсету орталығының бұрынғы басшысы Жомарт Мурашимовты Қылмыстық кодекстің 247-бабының 3-бөлімі (Заңсыз сыйақы алу), 218-бабының 2-бөлімі, 2-тармақшасы (Қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе мүлікті заңдастыру (жылыстату) және 262-бабының 3-бөлімі (Ұйымдасқан топты немесе қылмыстық ұйымды құру, басқару және оларға қатысу) бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Алайда сотталушы қайтыс болғандықтан ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

Жомарт Мурашимов тамыз айында қалалық аурухананың реанимация бөлімінде қайтыс болды. Ол тергеу изоляторында комаға түсіп, есін жимастан қайтыс болды. Ол “Заңсыз сыйақы алу”, “Қылмыс жолымен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру”, сондай-ақ “Ұйымдасқан топты немесе қылмыстық ұйымды құру және басқару, оларға қатысу” баптары бойынша айыпталды. Дегенмен, тергеу кезінде де, сотта да өз кінәсін мойындамады.

Ал Мардана Дінмұханұлы қылмыстық кодекстің 28-бабының 5-бөлімі (Қылмыстық құқық бұзушылықты ұйымдастырушы, сыбайлас), 247-бабының 3-бөлімі (Заңсыз сыйақы алу) және 268-бабының 2-бөлімі (Бандитизм) бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

  • 28-баптың 5-бөлігі мен 247-баптың 3-бөлігі бойынша оған бір жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
  • 262-баптың 2-бөлігі бойынша – 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.

Қылмыстық кодекстің 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес, жеңіл жазаны ауыр жазамен біріктіру арқылы, қылмыстардың жалпы жиынтығына байланысты Дінмұханұлы 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.



Сот қалған 14 адамның тоғызын “Заңсыз сыйақы алу” бабымен кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Амнистия туралы заңға сәйкес олар негізгі қылмыстық жазадан босатылды. “Ұйымдасқан топты немесе қылмыстық ұйымды құру және басқару, сондай-ақ оларға қатысу” бабымен тағылған айыптар алынып тасталды, және бұл эпизод бойынша дәлелдің жеткіліксіздігіне байланысты олар ақталды.

Қалған бес адам аталған екі бап бойынша кінәлі деп танылды. Сот үкіміне сәйкес, олардың біреуі 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды, қалған төрт адам 6 жылға сотталды.

Айта кету керек, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Сот ісін 2025 жылғы тамыз айында қарастыра бастады. Бұған дейін Шымкент қалалық прокуратурасы №2 мамандандырылған ХҚКО-ның басшылығы мен қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істің сотқа жіберілгенін хабарлаған еді. Олар жүргізуші куәліктерін заңсыз рәсімдеген. Прокуратура деректеріне сәйкес, күдіктілер өз қызметтері үшін 150-ден 400 мың теңгеге дейін алған. Нәтижесінде, олардың жалпы табысы 150 миллион теңгеден асқан.

Еске салайық, Шымкентте 500 адамға жүргізуші куәлігін заңсыз сатқан  “Азаматтарға арналған үкімет” корпорациясының №2 мамандандырылған ХҚКО басшылығы мен қызметкерлері ұсталған еді. Іс бойынша 15 адам күдікті деп танылып, тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданды.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 23 Желтоқсан, 2025 10:23