Шымкентте 16 жастағы жасөспірімді алып қашып кеткен: Қыздың әкесі 3 жылдан бері әділдік іздеп жүр
Фото: pixabay.com
Шымкентте 16 жастағы қыздыалып қашып, тұрмысқа беру дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға туралы “Немолчи.kz” қоры мәлімдеді.
Қордың мәліметінше, 2023 жылы 20 жастағы жігіт 16 жастағы қызды алдап Шымкентке алып кетіп, қыздың телефонынан ата-анасына “қыздарыңыз ауылға келін болды” деп хабарлама жіберген, кейін қызды зорлаған.
Қыздың ол кезде 70 жаста болған әкесі қызын қайтарып алу үшін жолға шығып, айқай-шумен қызын алып кетіп, полицияға арызданған.
“Тергеуші мен прокурор қарияға қызының келін болғанын, қыздың өзі қалап тұрғанын айтқан. Ақсакал “сіздер зорлаушыларды жақта тұрсыздар” деп айқайлаған. Қызға әкесімен сөйлесуге мүмкіндік берілмеген”, – делінген қордың жазбасында.
Қордың мәліметінше, тергеуші қыздың арызын қабылдаған, қыздың өзі медициналық сараптамадан өткен, сараптама қыздың зорланғанын растаса да, қылмыстық іс тоқтатылған.
Сондай-ақ жасөспірім қыз жүйелі түрде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. “Күйеуі” оған оқып жүрген колледжіне баруға рұқсат бермей, шәкіртақысын тартып алып, ұрып-соғып отырған. Үш айдан кейін ғана әкесі қызын үйіне қайтара алған.
“2023 жылдан бері әкесі барлық мекемелерге барып, әділдік пен кінәлілерді жазалауды талап етуде”, – делінген жазбада.
"Дәстүр емес, қылмыс": Бас прокуратура қыз алып қашу жөнінде мәлімдеме жасады
Атырауда “қыз алып қашып”, пранк түсірген үш жігіт айыппұл арқалады
Шымкент қалалық полиция департаменті істің тоқтатылғанын растады.
Полицияның мәліметінше, 2023 жылы “жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс жасалғаны туралы” түскен арыз бойынша сотқа дейінгі тергеу шеңберінде қылмыстық процессуалдық заңнамада қарастырылған барлық қажетті тергеу әрекеттері толық көлемде жүргізілген.
“Арыз түскеннен кейін дереу сот-медициналық сараптама тағайындалды, сараптамада дене жарақаты немесе зорлық белгілері анықталмады. Сонымен қатар, арыз берушіден ешқандай талабы жоқ екені көрсетілген қарсы арыз түсті”, – делінген полиция хабарламасында.
Полиция департаменті тергеу барысында іске қатысушылар мен куәгерлерге сұрақтар қойылып, бетпе-бет кездесулер өткізілгенін, оқиға орнынан бейнежазбалар қаралғанын атап өтті. Алынған деректер қылмыс фактісін растамаған. Жиналған барлық материалдарды ескере отырып, қылмыстық іс заң талаптарына сай тоқтатылған көрінеді.
“Аталған дерек 2025 жылдың 12 ақпанында әл-Фараби ауданы полиция басқармасының сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне "кәмелетке толмағанға қарсы зорлық" бабы бойынша тіркелді, сотқа дейінгі тергеу толық әрі объективті жүргізілді. 2025 жылдың 28 мамырда сотқа дейінгі тергеу нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл шешім әл-Фараби ауданы прокуратурасымен келісілді”, – делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің жауабында.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда некеге мәжбүрлеп, қыз алып қашқандарды 10 жылға дейін бас бостандығын айыратын заң күшіне енгені туралы жазған едік.
"9 жаста етеккірі келіп, мастурбация жасайды": Қазақстандық ата-аналар балаларындағы ерте жыныстық жетілу белгілеріне алаңдаушылық білдірді