Астана мен Шымкенттің прокурорлары бір-бірінің орындарын ауыстырды

Астана мен Шымкент қалаларының прокурорлары ауысты. Елдос Сағиев Шымкентке, Ғабит Мұқанов Астанаға прокурор болып тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кадрлардың ауысқаны туралы Бас прокуратура мәлімдеді.
"Мемлекет басшысының келісімі бойынша, Бас прокурордың бұйрығымен 3-ші сыныптағы әділет кеңесшісі Сағиев Елдос Алиханұлы Шымкент қаласының прокуроры қызметіне тағайындалды", – делінген хабарламада.
Елдос Сағиев прокуратура органдарында Шортанды ауданы (Ақмола облысы) прокурорының көмекшісі қызметінен бастаған. Әр жылдары:
- Қарағанды облысындағы Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі департаменттерінде;
- Қостанай және Маңғыстау облыстарындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының департаменттерінде;
- Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінде жетекші лауазымдарда қызмет атқарған;
- 2022 жылғы тамыздан бастап Бас прокуратурада тергеу алдындағы тексеріс пен қылмыстық қудалауды заңдылыққа бақылау қызметін басқарған.
Бұған дейін Шымкент қаласының прокуроры қызметін Ғабит Мұқанов атқарған. Ол қазір Астана қаласының прокуроры болып тағайындалды.
Ол еңбек жолын Алматы облысында бастаған. Әр жылдары Кербұлақ және Талғар аудандарында, сондай-ақ Алматы қаласының Медеу ауданында қызмет атқарған. Сондай-ақ Астана қаласының прокурорының орынбасары және ведомствоның кадрлар департаментін басқарған. 2021 жылдан бері Шымкент қаласының прокуроры болып жұмыс істеген.
Ғабит Мұқанов "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен және "Айбын" орденінің II дәрежесімен марапатталған.
Еске салайық, бұған дейін Шымкенттегі атышулы оқиғалардан кейін полиция департаментіне жаңа басшы сайланған еді.
11 қаңтар күні кешкі уақытта Шымкент қаласында 21 жастағы қыздың пышақ жарақаттарынан қаза тапқаны хабарланған еді. Нұрай Серікбай 11 пышақ жарақатын алған. Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыс жасады деген күдікпен 28 жастағы Шерхан Аймахан есімді ер адам қамауға алынды.
Нұрайдың туыстары марқұмның бұған дейін күдіктінің үстінен полицияға шағымданғанын, алайда қызметкерлердің қыздың арызын қабылдамай қойғанын айтып, полицияны немқұрайлық танытты деп айыптады.
Іске қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев да пікір білдіріп, бұл оқиғаның қоғамда кең резонанс тудырғанын айтқан еді. Президент ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырды.