Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкент базарларында танымал жуғыш заттың жалған түрі сатылған

Шымкент базарларында танымал жуғыш заттың жалған түрі сатылғанФото: Әлеуметтік желіден

Шымкент базарларында танымал "Азелит" жуғыш затының ірі көлемдегі жалған партиясы анықталды. Контрафактілік өнім тәркіленіп, іс материалдары сотқа жолданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қала тұрғындары арасында кеңінен сұранысқа ие май кетіргіш тазалау құралы базарларда заңсыз сатылып келген. Бұл туралы қалалық әділет департаменті хабарлады.

Тексеру барысында "GRASS" таңбасы бар өнімдердің ірі партиясы анықталған. Шымкент қаласы әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы Мұхтар Әбдезовтің айтуынша, аталған өнім контрафактілік болып шыққан. Мамандар жалған өнімді түпнұсқадан ажырату оңай емес екенін айтады. Өндірушілер қаптамасын, қаріптерін және ұсақ бөлшектерін шебер көшірген. Дегенмен, айырмашылық белгілері бар.

“Түпнұсқа өнім Өзбекстан мен Ресей аумағында өндіріледі. Көбіне жалған тауарлар Ресейден жеткізіледі. Түпнұсқаның қаптамасы ақ түсті болса, жалғанының реңкі күңгірттеу келеді. Күн сәулесіне қарағанда түпнұсқа сұйықтығы ақшыл, ал жалған өнім сарғыш түске боялады. Сондай-ақ қақпағының өлшемі де әртүрлі. Түпнұсқада қақпақ ұзынырақ, ал жалғанда қысқалау”, – делінген хабарламада. 

Сонымен қатар, өнімнің ішінде нақты қандай зат бар екені белгісіз. Тиімді тазартқыштың орнына арзан балама немесе тұтынушылардың денсаулығына қауіпті зат болуы мүмкін. Тәркіленген контрафактілік тауарлар жойылуға жатады.

Контрафактілік тауарлардың басым бөлігі "сұр" схемалар арқылы әкелінеді, ал кей жағдайларда мұндай өнімдер тікелей Шымкенттің өзінде де өндірілетіні белгілі болды.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 25 Ақпан, 2026 20:10