Шымкенттік әйелді көшеде бауыздап өлтірген: Марқұмның туыстары мен куәгерлер оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Шымкентте тал түсте 40 жастағы әйелді көше ортасында бауыздап кетті. Марқұмның туыстары мен куәгерлер оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ел аузында "Текстиль" атымен белгілі бұл аудан тұрғындардың сөзінше ең мазасыз аумақтардың бірі. Осы аудандағы көшенің қақ ортасында 40 жастағы Ольга Закированы әлдебіреу аяусыздықпен пышақтап кеткен. Алған ауыр жарақаттан әйел сол жерде жан тапсырған.
“Келіншекті 14:40-та ұстап алып, 14:50-ге дейін бауыздаған ғой ана жерде. Үш рет бауыздаған. Кесіп-кесіп жіберген. Сөйтіп, өлтірген. Қасында қазақ қыз бар екен. Ол көлікке мініп қашып кетіпті. Ол бәлені полициялар ұстапты. Полицияларға рахмет. Қонаевқа қашып бара жатқан жерінен ұстаған. Ешқандай танысы емес. Жолдан ұстап алып, ақша бер деген бе, бір нәрсе сұраған шығар”, – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Жақсылық.
Фото: Stan.kz
Марқұмның артында 2 және 19 жастағы қыздары мен жолдасы қалды. Өзі науқас анасын бағып отыр еді дейді туыстары. Алкоголь өнімдерін шығаратын зауытта жұмыс істеген екен.
“Ол емханадан келе жатқан екен. Балалардың анализін алуға шығыпты. Үйінде өздігінен жүріп-тұра алмайтын анасы бар. Енді не боларын тіпті білмейміз. Тамағын кесіп, кеудесіне төрт рет пышақ сұққан екен. Келінім өте жақсы болатын. Өзі де ірі еді. Ол адамға қалай шамасы жетпегенін білмеймін”, – дейді марқұмның туысы Олеся.
Фото: Stan.kz
Күдікті алысқа ұзамай-ақ ұсталған. Қашып бара жатқан ер адамды полицейлер қару қолданып құрықтаған екен.
“Ұстау кезінде қарулы күдікті қарсылық білдіріп, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес полиция қызметкерлері табельдік қару қолдануға мәжбүр болды. Күдікті медициналық мекемеге жеткізілді және полицияның күзетінде. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға арналған қажет тергеу жүргізіліп жатыр”, – деді Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Арман Бейсенбаев.
Бұл жағдайды естіген қала тұрғындары қазір одан әрі үрейлене түскен. Өйткені жыл басталғалы мегаполистен тыныштық кетті. Алдымен 21 жастағы Нұрай Серікбайды үйінің алдында аяусыздықпен өлтірсе, араға апта салып белгілі бапкердің ұлы көше ортасында Василий Колесниковті ұрлап, мәйітін далаға тастап кеткен еді. Ал бүгін Шымкентте тағы бір әйелді танысы пышақтап кетті, полиция күдіктіні ұстау үшін қару қолданған.
25 мың теңгелік автотұрақ: Көк Төбеде туристер есебінен кім табыс тауып отыр?