Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат Шымкентте жалған нөмірмен жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны үшін ұсталды

ДепутатФото: видеодан скриншот

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаев жол ережесін өрескел бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бірнеше бабымен әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Журналист Михаил Козачковтың Telegram-дағы арнасында куәгерлер түсіріп алған видео жарияланды. Видеодан жолдың қарсы бағыттағы жолағында тоқтап тұрған Lexus көлігінен жолаушы түсіп жатқанын, жүргізуші мен көлікте отырған жолаушының қауіпсіздік белдігін тақпай отырғанын көруге болады. Бұған қоса куәгерлер жүргізушінің Amanat партиясының төсбелгісін тағып алғанына назар аударған.

Шымкент қалалық полиция департаменті жол ережесін өрескел бұзған жүргізуші анықталғанын мәлімдеді.

Тексеру нәтижесімен ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бірнеше бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Атап айтқанда:

- жалған тіркеу нөмірлері бар көлік құралын басқару;

- қарсы жолақпен қозғалыс;

- міндетті сақтандырудың болмауы;

- қауіпсіздік белдігін пайдаланбау;

- тыйым салынған орындарда кері жүру;

- қозғалыс алдындағы сигнал беру талабын орындамау.

"Құқықбұзушының көлігі айыппұл тұрағына қамалды. Жүргізушімен мұндай әрекеттерге жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді", – делінген полиция мәлімдемесінде.

Полицейлер жол жүру қағидаларын бұзған адам лауазымға немесе әлеуметтік мәртебеге қарамастан, жауапқа тартылатынын ескерткен.

Аида Тақабаева
Жұма, 22 Тамыз, 2025 15:31
Талқылау