Көкжайлаудағы тау шаңғысы курорты Шымбұлақтан 3 есе үлкен болады: Қоғам белсенділері жобаны неге сынға алып жатыр?

Алматы маңындағы Көкжайлау шатқалында жаңа тау шаңғы курортын салу жоспарланып отыр. Almaty SuperSki деп аталатын жобаға экобелсенділер қарсылық білдіріп отыр. Олар жеке виллалар салынып, экологияға әсері одан сайын күшейеді деп қауіптенеді. Жобаның жай-жапсары туралы Stan.kz тілшісі хабарлайды.
Экобелсенді Николай Хромов Көкжайлауда тау-шаңғы курортын салу жоспарына қатысты пікір білдірді. Ол құрылыстың экологияға әсері ауыр болатынын айтып, жобаны тоқтатуға шақырды.
"Көкжайлауға курорт салуға біз үзілді-кесілді қарсымыз. Ол жер жай ғана орман емес. Оны құртып, орнына база, тау-шаңғы кешені, түрлі көтергіштер, арқанжолдарын салу деген экологияны одан сайын құрту деген сөз. Бізде шаңғы тебетін жер жоқ емес қой. Шымбұлақ бар, Ақбұлақ бар, “Лесная сказка” бар, Табаған бар. Табағанның өзі жартылай қирап жатыр. Соны жөндеп, соған ақша құйсаңыздар болмай ма? Неге міндетті түрде Көкжайлауды құрту керек?" – дейді Экобелсенді Николай Хромов.
Экобелсенді Алматы қазірдің өзінде көк түтіннен көз ашпайтынын айтып отыр. Олардың пікірінше, жаңа құрылыстардың көбеюі жылу электр станциясына түсетін салмақты арттырып, экологиялық жағдайды нашарлатуы мүмкін.
"Біз XXI ғасырда өмір сүріп жатырмыз, бірақ әлі күнге дейін көмір жағып, түтінге тұншығып отырмыз. Терезеден тауды да көрмейтін болдық… Қалада тұмша күннен күнге көбейіп бара жатыр. Енді оған тағы жаңа үйлер, жаңа кешендер қосылса, не болады? Бір жерде 20 үйдің орнында 200 үй тұрады. Жүктеме артады. Жылу электр станциясына (ТЭЦ-ке) салмақ көбейеді. Ауа одан сайын уланады. Ташкент көшесінен төмен жақта қазірдің өзінде ештеңе көрінбейді, халық қалай өмір сүріп жатқанын түсінбейсің… Көкжайлау – біздің табиғатымыз. Оны қорғау біздің міндетіміз. Сіз де президент ретінде елге, халыққа және табиғатты қорғауға ант берген адамсыз. Бұл Конституцияда да бар. Сондықтан біз сізден сұраймыз. Көкжайлауға курорт салуды тоқтатыңыз", – деп экобелсенді Николай Хромов уәжін жеткізді.
Фото: Экобелсенді Николай Хромовтың жеке парақшасынан
Экобелсенділердің пікірінше, табиғатқа әсер еткен жобаларды қайта қарау қажет. Олар Көкжайлауды жоғалтып алсақ, оны қайта қалпына келтіру өте қиын екенін, ал орманның өсуіне ондаған жыл кететінін атап өтті.
11 қаңтарда Көк-Жайлауда тау-шаңғы курортын салуға қарсы петиция қайтадан басталды. Сегіз жыл бұрын 50 мыңға жуық адам Көк-Жайлауда тау-шаңғы курортын салуға қарсы петицияға қол қойған еді. Сол қоғамдық қысымнан кейін 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобаны жүзеге асыруға тыйым салған еді.
Ал желі қолданушысы Слава Качанов құрылыстың бастапқыда үш жылдық бюджетпен жүргізіліп, кейін “мемлекеттік басқару тиімсіз” деген сылтаумен жекешелендіріліп кетуінен қауіптенеді. Оның ойынша, соңында жеке қожайындар аумақты жауып тастап, оны “құрметті” адамдарға бөліп-бөліп сатып жіберуі мүмкін.
Тағы бір желі қолданушысы Андрей де өз пікірінде мәселені ең қарапайым әрі көпшілікке белгілі жайттан бастау керегін айтады. Оның cөзінше, Қазақстанда сапалы жасап шығару мәдениеті әлі қалыптаспаған, тіпті сырттан мамандар шақырылған күннің өзінде жобаны іске асыратын негізгі адамдар жергілікті болғандықтан, нәтиже күткендей болмауы мүмкін.
"Екіншіден, қаладағы көлік логистикасы адам шошырлық күйде. Әр басқарушы оны бірнәрсе етіп түзеткісі келеді, бірақ ешкімде саяси ерік те жоқ, дұрыс менеджмент те жоқ. Біз мына “бар болғаны” екі миллион халықтың қозғалысын реттей алмаймыз. Енді тағы турист тартпақпыз. Соңында турист көбейсе, сол Шымбұлаққа жету үшін кезекті 2 күн бұрын алып қоюға тура келуі мүмкін", – деп қынжылды Андрей.
Тағы бір оқырман Көк-Жайлауда курорт салуға қарсы екенін ашық айтады. Оның пікірінше, табиғатты “трассамен жойып жіберу” ғана емес, сонымен бірге бюджеттік қаржыны талан-таражға салуға әкеп соқпақ. Ол “Superski” жобасы шын мәнінде трассалардан гөрі виллалар тұрғызу мен жоғары жаққа мейрамхана салуға бағытталуы ықтимал деп күмәнданады. Сонымен қатар ол Қытай мен Үндістан туристерін тарту туралы уәжге де сенімсіздік білдіреді.
“Жеке виллалар болмайды, бірақ ағаштар кесіледі”
Алайда Kazakh Tourism Development компаниясының басшысы Ержан Еркінбаев қоғамдағы бұл алаңдаушылықтарға түсіністікпен қарайтынын айтып, керісінше, жобаның басты мақсаты табиғатты құрту емес, тау туризмін жүйелі әрі қауіпсіз форматта дамыту екенін жеткізді. Оның сөзінше, Almaty SuperSki – элиталық тұрғын үй салуға бағытталған жоба емес, керісінше, алматылықтар мен қазақстандықтарға арналған қолжетімді әрі көпшілікке арналған шаңғы инфрақұрылымын қалыптастыруға тиіс.
Almaty SuperSki жобасына қатысты қоғамда жеке виллалар мен элиталық коттедждер салынады деген қауіп күшейген.
Ержан Еркінбаев бұл күмән көбіне ақпараттың жеткіліксіздігінен туындайтынын айтып, жоба мазмұны дұрыс түсіндірілмесе, түрлі алыпқашпа әңгімелердің пайда болуы заңды екенін жеткізді. Ол Шымбұлақтағы тәжірибені мысалға келтіріп, бұрынғы қателер қайталанбауы керегін және бос тұрған коттедждер курорттың дамуына кері әсер ететінін айтты.
"Almaty SuperSki жобасында жеке виллалар болмайды. Шешіміміз талқыланбайды. Коттедж, шале, вилла форматындағы жеке тұрғын үйлер мүлде салынбайды. Егер шале форматы қолданылса, олардың барлығы туристік айналымда болғанын қадалағалаймыз. Курорт аумағында тек шектеулі бөлікте туристік инфрақұрылым, әртүрлі деңгейдегі қонақүйлер, спа нысандары қарастырылады", – деді Kazakh Tourism Development басшысы.
Ержан Еркінбаев Ұлттық парктер және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдар бар екенін айтады. Дәл осы жобада жеке виллалардың салынбайтыны нормативтік құжатпен нақты бекітілуі қажет екенін жеткізді. Айта кетейік, Шымбұлақта шамамен 20 шақырымдай шаңғы трассасы бар. Ал жаңа тау шаңғысы курорты Шымбұлақтан 3 есе үлкен болмақ дейді Ержан Еркінбаев.
"Өйткені 1954 жылы Шымбұлақ салынғанда, бір күні онда жеке үйлер пайда болады деп ешкім ойлаған жоқ. Әрине, қоғам белсенділерінің алдына шығып, жобаны қорғау жоспарда бар. Бұған бармауға еш себеп көріп тұрған жоқпын. Бұрын бір сәтсіз тәжірибе болды. 10 жыл бұрын қарсы болғандардың көбі жобаның нақты орналасуын да білмеген, қоғамдық тыңдауларда тақырыпқа қатысы жоқ адамдардың әдейі шу көтергендер де бар еді", – деді Ержан Еркінбаев.
Сондай-ақ Ержан Еркінбаев құрылыс жұмыстары экологиялық сараптамалардың қорытындысына сүйеніп жүргізілетінін, ал орманға келетін ықтимал әсер міндетті түрде өтемақы және қайта қалпына келтіру шараларымен бірге қарастырылатынын атап өтті. Ержан Еркінбаевтың мәліметінше, туристік кешенді 2028 жылдың соңы – 2029 жылдың басында іске қосу қарастырылып отыр.
"Иә, шындықты айту керек. Құрылыс барысында ағаштарды кесуге тура келеді. Бірақ бұл бейберекет жүргізілмейді. Әрине, оның өтемі бар. Бір ағаштың орнына он ағаш егіледі. Мүмкін болған жерлерде ағаштарды қайта көшіріп, трассаларды барынша айналып өтуге тырысамыз. Табиғатқа зиян келтірмеу – жобаның негізгі талаптарының бірі", – деп түсіндірді Ержан Еркінбаев.
Almaty SuperSki жобасының жобалау алдындағы және жобалық кезеңдері Бәйтерек құрылымына кіретін жеке қаражат есебінен қаржыландырылып отыр. Қонақүйлер мен коммерциялық инфрақұрылым жеке инвестициялар арқылы салынады. Ал көтергіштер мен жасанды қар жүйелері сияқты ірі инженерлік нысандар үшін жеңілдетілген, қайтарымды займ тарту көзделген екен. Жаңа шаңғы тебу алаңы Күмбел шыңын және Үш ағайынды шыңдарын қамтиды. Трассалар күрделілігі бойынша төрт санатқа бөлінеді:
- көк – 50,3%,
- жасыл – 10,6%,
- қызыл – 22,7%,
- қара – 16,4%.
Фото: Kazakh Tourism Development компаниясы
Курорттың тәуліктік өткізу мүмкіндігі 10 мың шаңғышыға жетіп, жылына 9 миллион турист қабылдай алады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ аумақта шале үйлері мен қонақүйлерден тұратын, 6,5 мың орындық туристік ауыл салынбақ. Ержан Еркінбаев Шымбұлақты жақсы курорт деп бағалағанымен, оның Алматы сұранысын жалғыз өзі толық қамтамасыз ете алмайтынын айтты. Оның сөзінше, жаңа курорт салу идеясы Шымбұлақтың мүмкіндігі шектеле бастаған 12-13 жыл бұрын көтерілген.
Ол Франция мен Австрия тәжірибесін мысалға келтіріп, Алматыда тұрғындардың кемінде 10 пайызы тұрақты түрде шаңғы тебуі үшін бірнеше қолжетімді әрі заманауи курорт қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты Ержан Еркінбаев Кіші және Үлкен Алматы шатқалдары аумағын біртұтас тау-шаңғы кластері ретінде қарастыруды ұсынады.
Еске салайық, бұған дейін жазда премьер-министр Олжас Бектенов Көкжайлауда тау шаңғы курортының құрылысы биыл басталатынын мәлімдеген еді.
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді