Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымбұлақтағы дау: Қазақ тілінде сөйлеуден бас тартқан мейрамхана әкімшілігі қазақстандықтардың шамына тиді

Шымбұлақтағы мейрамхана қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартқанФото: Видеодан скриншот

Желіде әкімшілігі қазақ тілінде сөйлеуден бас тартқан Шымбұлақтағы тау-шаңғы курортындағы Gusto мейрамханасына қатысты дау туды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл туралы Бақытжанов есімді әлеуметтік желі қолданушысы жазған

“Бұл жерде ешкімнің қазақ тілінде сөйлемеуі проблема ма не?” Мен осы сөзді Шымбұлақтағы Gusto мейрамханасының әкімшілігінен естідім. Оның есімі – Елена. Мен өте сабырлы түрде “мейрамханада қазақ тілінде сөйлейтін даяшы бар ма?” деген бір ғана сұрақ қойдым. Жауап ретінде – боқтық, қорлау жәнеде кейін артынан мынадай да сөздер айтылды: “Мен КСРО-да туғанмын және қазақ тілінде сөйлеп, қызмет көрсетуге міндетті емеспін”, – деп жазған ол.

Жазба авторының айтуынша, мейрамхана әкімшілігі мәселені шешудің орнына, жағдайды одан сайын ушықтырған.

“Мәселені шешудің орнына, Елена әдейі арандатып, жанжалды ушықтырды. Осы арандатулардан кейін мен болған жағдайды телефонға түсіре бастадым. Тіпті мені қуып шығаруға тырысып, физикалық әрекетке дейін барды. Одан кейін полиция шақырылды. Соның салдарынан мен шамамен 3 сағат уақытымды жоғалттым, ал туристерім суықта мені күтіп қалды. Оқиғаны растайтын видео бар, сондай-ақ бәрін растай алатын басқа куәгер де бар”, – деп жазған ол.

Ол мәселеге көз жұма қарауға болмайтынын алға тартты.

“Бұл жағдай кез келген жерде емес, еліміздің имиджі қалыптасатын туристік аймақта болды. Мемлекеттік тілді қорлау – бұл жеке пікір де, ұсақ мәселе де емес. Мұндай жағдайға көз жұма қарауға болмайды”, – деп жазған ол. 

Қазақстандықтардың наразылығы

Тіл мәселесіне қатысты бұл жазба қазақстандықтардың шамына тиді. Халық мейрамханаға бойкот жариялап, әкімшіні жұмыстан шығаруды сұраған.

“Шымбұлақтағы Custo мейрамханасының әкімшілігінен Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіліне ашық түрде құрметсіздік танытқаны үшін әкімші Еленаны қызметтен шеттетуді сұраймыз”, – деп жазған Жанат есімді қолданушы.

Қолданушылардың көпшілігін әкімшінің “Бұл мемлекет Қазақстан деп аталады” деген сөзге “Маңызды емес” деп жауап бергені ашуландырған.

“Қазақстанда тұрып, сол елдің нанын жеп, сендердің тілдеріңде сөйлеуге міндетті емеспін деген қалай кетті? Кішкене болсын құрметте жоқ? Осы уақытқа дейін тілімізді таптпауға жол бердік, енді барлығы өз қолымызда!”, “Автор: Елдің аты – Қазақстан! Елена: Маңызды емес! Демек, ақша жеп, суды шелекпен ішкенге қарсы емес, ал Қазақстанда тек бір мемлекеттік тіл бар екенін айтуға келмейді, бұл бірден жағымсыз ба?”, “Елдің аты – Қазақстан – маңызды емес” деген сөзі үшін оны соттау керек”, “Кеңес Одағында туған, ол енді жоқ, демек ол біздің мемлекетті тәуелсіз деп мойындамайды және Кеңес Одағының заңымен өмір сүреді, конституцияны тікелей елемеу. Бұл – сатқындық”, – деп жазған олар. 

Бұл жайтқа қатысты адвокат та пікір білдірген. 

“Алайда баршаға нақты әрі түсінікті түрде қай салаларда қазақ тілін білу міндетті екені айқын түсіндірілуі тиіс. Бұл – мемлекеттік қызмет, ресми құжат айналымы сияқты салалар. Ал қызмет көрсету, сауда, медицина және өзге де салаларда екітілді форматқа жол берілуі мүмкін. Сондай-ақ, мұндай мекемелердің иелері мен басшылары бұл талаптарды өз қызметкерлеріне қатаң түрде түсіндіруге міндетті. Өкінішке қарай, кей жағдайда осы талаптардың өзін мекеме басшыларының өзі сақтамай жатады”, – деп жазған ол.

Мейрамхана өкілдері не дейді?

Шымбұлақ тау-шаңғы курорты мен Gusto мейрамханасы қазақ тілінде жауап беруден бас тартқан қызметкердің әрекетіне қатысты пікір білдірді.

“Gusto мейрамханасы Қазақстан Республикасының заңдарын және мемлекеттік тілді құрметтейді. Біз қонақтарға қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қызмет көрсетеміз. Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнематериал қосымша зерделеуді қажет етеді. Қазіргі уақытта ішкі тексеру жүргізіліп жатыр. Тексеру нәтижелері бойынша тиісті шаралар қабылданады”, – жеп жазылған жазбада.

Сондай-ақ Шымбұлақ тау-курорты Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіліне құрметпен қарайтынын атап өтті. 

“Shymbulak үшін әрбір қонақтың, қарым-қатынас тіліне қарамастан, сапалы әрі дұрыс қызмет алуына жағдай жасау өте маңызды. Shymbulak заң талаптары қатаң сақталатын, ашық, көптілді және қонақжай кеңістік болып қала беруге әрқашан ұмтылады”, – делінген жауапта. 

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтар "Золотое Яблоко" дүкенінің атауын қазақ тіліне өзгертуді ұсынғаны хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Сәрсенбі, 24 Желтоқсан, 2025 03:43