Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда қоғам белсенді бірыңғай сағат белдеуіне көшуге қарсы сотқа шағым түсірді

Еліміздің бірыңғай уақыт белдеуіне көшуіне қарсы шыққан шығысқазақстандық қоғам белсендісі Серікжан Ахметжанов Сауда және интеграция министрлігін сотқа берді. Ол сот отырысына қатысу үшін Өскеменнен Астанаға барды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин/Серікжан Ахметжанов

Сот отырысына Сауда және интеграция министрлігінің өкілі өз жақтастарымен келген. Олар сотқа үшінші тарап ретінде қатысты. Сот отырысы бір күнге созылды. Уақыт белдеуінің ауысуына қарсы шығым түсірген талапкер екі сағат бойы өз дәлелдерін айтты. Қоғам белсендісі әрі заңгер уақыт белдеуін жобалаудағы заңнамалық олқылықтар мен оның салдары туралы айтты.

“Бұйрыққа сәйкес жұмыс тобында 60 адам бекітілді, яғни 60-тың үштен екісі – 40 адам. Ал жиынға 35-і қатысты делінген. Хаттамаға 11 адам ғана қол қойды. Яғни бұл көпшілік емес, тіпті үштен екісі де жоқ. Сауда және интеграция министрлігі өкілдері сілтеме жасаған баяндаманың өзі оның кворуммен қабылданғанын растамағаны белгілі болды”, – дейді Серікжан Ахметжанов.

Сондай-ақ ол ресми статистикаға сәйкес, уақыт ауысқалы Шығыс Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының көбейгенін атап өтті. Ал заңгер екінші ауысымда оқитын мектеп оқушыларының қауіпсіздігіне алаңдайды. Талапкер бұл мәселені алғашқы талқылауға Шығыс Қазақстан тұрғындары қатыспағанын баса айтты. Ал министріліктің айттуынша, тұрғындардың өздері бұл шақыруды елемеген.



Сот отырысы кезінде біреулер эмоцияға ерік берді. Оның ішінде талапкермен бірге  келген азамат та бар. Сол себепті сот ол адамды сот залынан шығарып жіберді. Ол сотқа хайп үшін емес, бұрынғы уақыт белдеуін қайтару мақсатында жүгінгенін айтады.

“Қандай хайп?! Мен балаларымды өзім алып кетемін, олардың қауіпсіздігіне алаңдаймын. Хайп жасайтындай жағдайда емеспін”, – дейді қоғам белсендісі.

Сот отырысы кешке дейін жалғасты. Алайда шешім 18 желтоқсанда шығатын болды.

Бұған дейін уақыт белдеуінің ауысуына байланысты еліміздің шығысында жұмыс уақытын өзгерту мәселесі қаралып жатқаны туралы жазған едік.

Талқылау