Шығыс Қазақстан облысындағы шахтада төрт адам қаза тапты
Шығыс Қазақстан төтенше жағдайлар департаменті өңірдегі "Востокцветмет" ЖШС шахтасында төрт адам қаза тапқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: mvc-apatit.ru
Қайғылы оқиға 31 тамыз күні сағат 17:30-да болған. Алдын ала мәлімет бойынша кеншілер белгісіз заттан уланып көз жұмған.
Тағы бір адам Шығыс Қазақстан облысы Глубоковский аудандық ауруханасына жатқызылды, оның жағдайын дәрігерлер тұрақты деп бағалап отыр. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Кенішке иелік ететін KAZ Minerals компаниясы "Востокцветмет" ЖШС кенішіндегі жұмысшылардың өлімінің мән-жайы мен себептері анықталып жатқанын хабарлады.
"Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда, қайғылы оқиғаны тергеу үшін KAZ Minerals тобының директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук Ертіс кенішіне жеке қатысу үшін барған", - деп хабарлады компания.
KAZ Minerals қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, "отбасына жан-жақты көмек көрсетуге" уәде берді.
Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті "Востокцветмет" ЖШС-не қарасты шахтада болған оқиғадан кейін Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі "Тау-кен жұмыстарын немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлім етті.
"Тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда", - деп хабарлады облыстық полиция.