Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысында жаңа туған нәресте ауруханада көз жұмды

Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданының ауруханасында жаңа туған нәресте көз жұмды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ақпаратты Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті растап, баланың өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.

"4 қарашада Шемонаиха аудандық ішкі істер бөлімі "ШҚО Шемонаиха аудандық аудандық ауруханасы" қызметкерлеріне қатысты медицина қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы және абайсызда баланың өліміне әкеп соғу ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады", - деді ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.



Сондай-ақ департамент қазіргі уақытта қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалғанын, "істің мән-жайын тергеудің жан-жақтылығын, толықтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын" атап өтті.

"Бір уақытта денсаулық сақтау субъектісіне жоспардан тыс тексеру жұмыстары тағайындалды. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге мәліметтер жария етілуге жатпайды", - деп айтты полиция.

Заң қызметкерлері қайғылы оқиғаның 2 қараша күні болғанын анықтады. Нәресте өлі күйінде туылған. Сәбидің ата-анасы полицияға жүгінбеген. Шемонаиха аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері бұл іспен ақпарат таралып кеткеннен кейін айналыса бастаған.

Талқылау