Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық келіншек 60 мың теңгеге баласын сатып жіберген

Осыдан алты жыл бұрын Түркістан облысының тұрғыны қаржы мәселесі қинап, сәбиін сатып жіберген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz басылымына сілтеме жасап.

Баласын сатқан келіншек жеті жылға бас бостандығынан айырылған. Ал нәресте балалар үйіне жіберілген.

Камиланың (жалған есім) айтуынша, ол күтпеген жерден жүкті болып қалған, ал мұндай жаңалықты естіген жігіті оны тастап кеткен.

"Мен қорқып, баламды қалай тәрбиелейтінімді білмедім. Мен құрбыммен ақылдасып едім, ол баланы басқа отбасына беруге кеңес берді. Құрбым балама ата-ана болатын адамдарды тапты. Кейінірек мен босанып, баламды сол кісілерге бердім. Мен шағымым жоқ деп қолхат жазып, одан кейін 60 мың теңге (140 доллар) көлемінде көмек сұрадым. Қарыздарым болғандықтан және кепілдегі жеке куәлігімді алу үшін ақша сұрадым", - деді сотталған әйел.

Камила сәбиді сатқысы келмегенін түсіндірді. Камила полицияға өзінің әрекетін мойындаған. Оның құрбысы жоғалып кетті. Ал қыздың өзі темір торға қамылды. 

"Мен баладан бас тартқаннан кейін полицияға бардым, бірақ ол жерде маған ештеңе істей алмайтындарын айтты. Содан кейін сот болды, мені 7 жылға соттады. Мен қатты өкінемін”, – дейді ол. 

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айының соңында дәл осындай оқиға Қазақстанның батысында болған еді. Онда мәміле жасап, жаңа туған нәрестені бейтаныс адамдарға берген 28 жастағы әйел ұсталды. Ол бес жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Талқылау