Шығыс Қазақстан облысында есірткіні онлайн сатып келген ер адамнан 20 миллион теңге тәркіленді
Шығыс Қазақстан облысында полицейлер есірткі сататын интернет-дүкенді жойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ішкі істер министрлігі
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің дерегінше, Өскемен қаласының 32 жастағы тұрғыны ұсталды.
Ол өзі өсірген марихуана мен гашишті сату үшін танымал мессенджерлердің бірінде веб-сайт пен парақша құрған. Есірткі сатылымын жасырын орындар арқылы жүзеге асырған. Төлемді алғаннан кейін күдікті тауарды алдын ала келісілген орындарға қалдырған. Оның жер үйін тінту барысында полицейлер есірткінің әртүрлі түрлерін өсіруге арналған зертхананы анықтады.
"Жедел уәкілдер қара нарықта құны 20 миллион теңгеден асатын 1 келіден астам есірткі тәркіледі. Сондай-ақ полицейлер оның заңсыз әрекеттерге қатысы барын дәлелдейтін таразылар, орайтын материалдар мен электронды құрылғыларды тапты", – делінген хабарламада.
Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жыл басынан бері шығысқазақстандық полицейлер өңірге есірткі тасымалдайтын 6 ірі арнаның жолын кесіп, 6 есірткі зертханасын таратқан. Осылайша, айналымнан 250 келіден астам есірткіні, оның ішінде 6 келіден астам синтетикалық заттарды тәркілеген.
Еске салайық, бұған дейін Астанада көшеде бесік арбасын сүйреген төрт баланың анасы білдіртпей есірткі жарнамалағанын жаздық. Есірткіні жарнамалайтын QR-кодтары бар стикерлер таратқан 27 жастағы төрт баланың анасы ұсталды.