Шығыс Қазақстан облысында екі донор 12 адамның өмірін құтқарып қалды

Фото: pixabay.com
Шығыс Қазақстанда бір жыл ішінде екі рет марқұм донорлардан ағзалар алынып, он екі қазақстандықтың өмірін сақтап қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өңірде, балаларды қоса алғанда, екі жүзден астам пациент әлі де трансплантацияны күтуде. Қазақстан бойынша ағза ауыстыруды 4,5 мыңнан астам адам күтеді. Олардың ішінде жеті баланы қоса алғанда, Шығыс Қазақстанның 232 тұрғыны бар. Биыл өңірде ми өлімі медицина комиссиясымен ресми түрде расталған марқұм донорлардан ағза алу процедурасы екі рет жүргізілген.
Өңірлік трансплант-координатор Аслан Нұрғалиевтің айтуынша, Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығында 18 бен 62 жас аралығындағы екі пациенттің ағзалары он екі реципиенттің өмірін сақтап қалуға көмектесті. Ол туыстарының мәйіттік донорлыққа келісім бергені үшін ризашылығын білдірді.
"Біздің стационарда, Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығында, 18 бен 62 жас аралығындағы екі пациент болды. Олардың есімдерін атай алмаймын, бұл құпия ақпарат. Сол екі пациенттің арқасында біз он екі науқасқа жаңа өмір сыйладық. Ол донорлардың туыстарына алғыс айтамын. Оларға үлкен рақмет және тағзым", – деді Аслан Нұрғалиев.
-
58 жастағы қазақстандық донор болып, 4 науқастың өмірін сақтап қалды
-
"Анасыз қалай өмір сүремін": Қазақстандық ер адам анасына бауырын берді
Мамандардың айтуынша, елдегі трансплантология қатаң көпсатылы бақылау жүйесі бойынша жұмыс істейді. Жүйе кез келген жеке пайдаға жол бермей, үдерісті толық бақылауда ұстайды. Пациенттер туралы деректер құпия сақталады. Ал реципиенттерді іріктеуді үйлесімділікті анықтайтын компьютерлік жүйе жүргізеді.
Басты қиындықтардың бірі – адам қайтыс болғаннан кейін туыстарының келісімін алу. Отбасының хабарсыз болуы салдарынан көп жағдайда олар дәрігерлерге келісім бермей жатады. Осы ретте қазақстандықтар eGov порталы арқылы донор болуға алдын ала келісім немесе бас тарту бере алады және өз шешімін кез келген уақытта өзгерте алады.
Өңірлік координатордың дерегінше, қазіргі таңда Шығыс Қазақстанда 6 500 адам донор болудан бас тарту рәсімдеген. Ал 360 адам мәйіттік донорлыққа келісім берген.
Қазақстандық көршісін үйіне іздеп барып, оны өлі күйінде тапқан: Ақыр соңында қылмыстағы басты күдіктіге айналды