Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде 8 рет сотталған келіншек бостандықта жүр: Ол бірнеше жыл бойы 30-дан астам адамды алдаған

Ақтөбеде әйел 8 рет алаяқтық жасағаны үшін сотталса да, еркіндікте жүр. 3 жылдан бері келіншек 30 адамды сан соқтырып үлгерген. Рысгүл Сағыноваға алдаған жәбірленушілер редакциямызға хабарласып, қаржысын қайтара алмай жүргендерін айтып, алаяқтың лайықты жазасын алмағанына шағымдарын жеткізді. 

Рысгүл Сағынова Ақтөбе және Бейнеудегі тұрғындарды “грантқа оқуға түсіремін”, “категория алып беремін”, “жер алуға көмектесемін” деген сияқты түрлі желеумен алдап, 200 мыңнан 1 миллионға дейін ақша жымқырған. Ақтөбе облыстық соттың мәліметінше, жалпы шығын – 25 миллион теңге. 

Алданғандардың бірі ақтөбелік Назгүл Сапарова пәтерін 2021 жылы Рысгүлге жалға берген екен. Ұзақ уақыт пәтерін жалға алып отырғандықтан, олар араласып, отбасын танып кеткен. Алайда 2023 жылы қаңтарда ақшаны кешіктіре бастаған көрінеді. 

“Менің ерекше қажеттілігі бар балам бар. Рысгүл соны біліп, “ерекше баласы бар отбасыларға қайтарымсыз несие алуға грант алуға болады, бірақ оны тек таныс арқылы ала аласыз” деді. Мен қызығып, “таныстарың бар ма?” деп едім, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасында ағам бар деді. “Әкеңіз де мүмкіндігі шектеулі жанға жатады, оған да алуға болады” деді. Сол үшін менен миллион теңге, әкемнен 900 мың, анамнан 800 мың теңге алды”, – деді ақтөбелік әйел. 

Сөзінше, Сағынова әр нәрсені сылтауратып, уақыт созып жүрген. Бірақ бір күні басқа жәбірленуші арқылы алданғандарын түсініпті.

“Бір күні әкеме бір келіншек қоңырау шалып, “сіз грант шығарып беретін адамсыз ба?” деді. Оған біз де грант күтіп жүргенімізді айттық. Сөйтсе, ол әйел Рысгүлден “ағаң кім?” деп сұрап қоймағасын менің әкемнің нөмірін бере салған. Бірден үйіне бардық, алайда күйеуі алдамайтындарын, расымен күту керегін айтып сендіруге тырысты”, – деді ол.

2023 жылы мамырда олар Сағынованың үстінен топтық арыз жазыпты. Күзде сот басталып, 19 жәбірленушінің жағдайы сипатталған:

  • М.Оспанов атындағы медициналық университетіне грантпен оқуға түсіріп беремін деп 1 миллион теңге;
  • "Ustudy" өңірлік емтихан орталығына модератор категориясын алып бере аламын деп 240 мың теңге;
  • Қ.Жұбанов Ақтөбе өңірлік университетіне түсіремін деп 600 мың теңге;
  • Осы университетке түсіремін деп басқасынан 2,2 миллион теңге, біреуінен 669 мың теңге;
  •  Бірнеше адамды "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы арқылы бизнес бастауға қайтарымсыз несиеге грант алып беремін деп алдап ақша алған екен.

Әйел бұған дейін 7 рет сотталып, алаяқтықты әдетке айналдырса да, бірде-бір рет бас бостандығынан айырылмаған, тек бас бостандығынан шектеу жазасы берілген. Өйткені Рысгүл Сағынованың 5 баласы бар, үлкені 11-де, ал кішісі – 1,5 жаста.

Бұл жолы Ақтөбе қаласының №2 сотының судьясы Гильманова Рысгүл Сағынованы 4 жылға бас бостандығынан айырды. Бірақ Қылмыстық кодекстің 74-бабы “Жүктi әйелдердiң және балалары бар әйелдердің, балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектердің жазаны өтеуiн кейiнге қалдыруды” назарға алып, жазасын өтеуді 3 жылға кейінге қалдырған. 

Енді жәбірленушілер алаяқтың осылай емін-еркін жүргеніне наразы. Олар апелляциялық шағым түсіргенімен, үкім өзгеріссіз қалған.

Айтуларынша, Рысгүл ешкімге ақшаларын қайтармапты. Назгүл Сапарова Рысгүл тағы да жазадан құтылу жолын табады деп қорқады.

“Жүкті әйелдер, баласы бар әйелдердің де сотталып жатқан оқиғалары бар, жаңалықтарда оларға арналған түрмелерді көрсетіп жатады. Ал неге бұл әйел сотталмайды? Ол үйреніп алған. “Маған ешкім ештеңе істей алмайды” деп үйреніп алған. Ал үш жылда тағы бала туып алса ше? Сонда заң қайда?”, – деді жәбірленуші.

Жәбірленушілер Жоғарғы сотқа шағымданып, әділ шешім күтеді. 

Рысгүл Сағыноваға алданғандарды тағы табу үшін Instagram желісінде парақша ашылыпты. Ақтөбе облысының әкімдігі де желіде қауіпті алаяқтар тізіміне Рысгүлді енгізген.

Талқылау