Шығын 230 миллион теңге: Алматыда "Boxy Wealth" атты қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды
Фото: gov.kz
Алматыда "Boxy Wealth" атты қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, қаржы пирамидасының ұйымдастырушылар өздерін инвестициялық компания ретінде таныстырып, салымшыларға жарнамалық материалдарды қарау арқылы жоғары табыс табуды ұсынған.
“Олар күн сайын 5%-дан 10%-ға дейін, яғни айына 150%-дан астам және жылына 1800%-дан жоғары кіріс табатынына уәде еткен. Сондай-ақ, жаңа қатысушыларды тартқан жағдайда 10% көлемінде дивиденд төлеу қарастырылған”, – делінген агенттік хабарламасында.
Салымшылардан алынған қаражаттар дропперлердің атына рәсімделген банк карталарына қабылданып, кейін криптовалюта әмияндарына аударылған.
Қазір 230 млн теңге көлемінде залал келтірілген 180-нен астам азамат жәбірленуші деп танылған.
Ал қаржы пирамиданың ұйымдастырушысы ұсталып, 2 ай мерзімге қамауға алынған.
Еске салсақ, бұған дейін “Amir Capital” қаржы пирамидасын ұйымдастырғандардан 10 миллион доллар криптоактив анықталғаны туралы жазған едік.

"443 мың теңге айыппұл”: Қазақстандықтар екі-үш жерде жұмыс істесе қандай жауапкершілікке тартылады
