Шетелге заңсыз шығарылған 670 миллиард теңге Қазақстанға қайтарылды
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев шетелге шығарылған активтерді қайтару жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мәжілісте өткен брифингте журналистер министрден шетелге кеткен активтерді қайтару жұмыстарының неге ашық айтылмайтынын сұраған.
"Бұл ашық мәлімет. Бас прокуратура ақпарат береді. Қателеспесем, бүгінгі күнге дейін 670 миллиард теңге қайтарылды", – дейді Жамаубаев.
Ол Бас прокуратураның басшылығымен шетелдегі активтерді қайтару бойынша арнайы комиссия жұмыс істеп жатқанын еске салып өткен. Тиісті заң жобасы әзірленіп жатыр екен.
- "Сіз бен бізге қатысы жоқ": Министр саңырауқұлақ пен жидек тергені үшін салықты кімдердің төлейтінін айтты
- Жамаубаев Назарбаевтар отбасының кеден жүйесіндегі жемқорлыққа қатысын ашып айтудан бас тартты
"Қазір заң жобасы бизнес өкілдерімен, үкіметпен талқыланып жатыр. Негізгі әзірлеуші – Әділет министрлігі. Жақын арада бұл заң жобасын жалпы талқылауға шығарамыз", – деп қосты министр.
БАҚ өкілдері одан Қазақстаннан активтерді заңсыз шығарған адамдарды атауды сұрады. Алайда министр бұл мәселе құқық қорғау органдарының құзырында екенін айтқан.