Шетелдіктің 800 долларын күшпен тартып алған алматылық таксист 5 күнге қамалды
Алматыда әуежайдан қонақ үйге дейін такси қызметін ұсынған азамат жауапқа тартылды. Ол Үндістан азаматын діттеген жерге жеткізіп, қомақты ақша талап еткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Фото: Tengrinews.kz
Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады. М. есімді таксист 5 тәулікке қамауға алынған. Сот үкімі күшіне енген жоқ.
“Сот отырысында М. жасалған құқық бұзушылықтың мән-жайын растап, кінәсін мойындады және жасаған кінәсіне өкінетінін мәлімдеді. Сот әкімшілік жазаның түрі мен мөлшерін айқындау кезінде әдептілік қағидаларын елемеу, айналасындағыларға құрметсіздік таныту, жол берілмейтін іс-әрекет, яғни азаматтардың мазасын алу секілді куәландырылған құқық бұзушылықтың нақты мән-жайларын назарға алды”, - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ, айыпталушының бұған дейін де әкімшілік кодекстің 449 бабы (Қоғамдық орындарда тиісу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын анықталды. Осылайша қайталанған іс-әрекеті үшін М. есімді таксистке сот әкімшілік жаза кескен.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда такси жүргізушісі Үндістан азаматтарын әуежайдан қонақ үйге дейін 800 долларға жеткізгенін, тіпті сөмкелерін бермейтінін айтып, қоқан-лоқы көрсеткенін жазған едік.