Шетелдікпен некелескен Қазақстан азаматтарына жер беруге тыйым салынады
Жер дауынан кейін әзірленген заң жобасында шекаралас аудандарда жер учаскелерін шетелдіктерге және шетелдіктермен некеде тұрған азаматтарға беруге тыйым салу қарастырылып отыр.
Заң жобасында шекаралас аудандарда ауыл шаруашылығы жерлерін беруге қойылатын талаптар күшейтілмек, деп хабарлайды Sputnik.
“Заң жобасында шекаралық белдеу және шекаралық аймақта орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, ҚР-ның шетелдіктермен некеде тұрған азаматтарына, сонымен бірге шетелдік заңды тұлғаларға және ҚР-ның шетелдіктердің қатысуы бар тұлғаларына беруге тыйым салынады”, — деп баяндады Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев мәжілісте өткен отырыста.
Бұдан бөлек, мемлекет шекарасының шекаралық белдеуінде орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері жеке меншікке және жер пайдалануға берілмейді. Аталған аумақтарда ауыл шаруашылығы жерлерін жергілікті халықтың қажеттілігі үшін, яғни жайылым, шабындық ретінде пайдалануға рұқсат етіледі. Мемлекеттік шекараның шекаралық аймағында орналасқан ауыл шаруашылық жерлері тек Қазақстан азаматтарына және заңды тұлғаларына уақытша жер пайдалану құқығымен ғана берілетін болады. Айта кетейік, былтыр елімізде жер дауы туындап, халық біраз дүрліккен болатын. Ел азаматтары жер кодексіне енгізілген бірнеше өзгеріске, атап айтқанда ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзартуға қарсылық танытып, бірнеше өңірде шеру де өтті.
Осыдан кейін президент жер кодексіндегі бұл өзгерістердің күшіне енуіне мораторий жариялап, жер реформасы жөніндегі комиссия құруды тапсырды. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев, кейін оның орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов төрағалық еткен, құрамына жетпістен астам адам кірген комиссия жаз бойы жұмыс істеді. Оның жұмысының қорытындысы бойынша маңызды ұсыныстар беріліп, заң жобасы әзірленіп отыр. Жаңа заң жобасы парламентке түсіп, бүгін мәжілісте оның таныстырлымы өтті. Комиссияның ұсынысы бойынша Қазақстан Президенті қолданыстағы мораторийдің мерзімін 5 жылға, яғни 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартқаны белгілі.