Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Президент футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездетуді тапсырды

Шетелдік спортшыларға бюджеттен қаржы бөлуді шектеп, өз спортшыларымызды қолдау көрсету керек – Президент

Фото: Ru.freepik.com

Мемлекет басшысы Тоқаев елдегі бұқаралық спортқа баса мән беретінін және соған орай спорттық нысандардың бой көтеріп жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Үйірмелер балаларға қолжетімді бола бастады. Ерекше қажеттігі бар азаматтарға және егде адамдарға арналған спорт клубтары ашылып жатыр. Сондай-ақ кәсіби спорт саласында оң өзгерістер болып жатыр. Мен бұған дейін шетелден келген спортшыларға бюджеттен қаржы бөлуді шектеу туралы тапсырма бердім. Депутаттар бұл бастаманы қолдап, арнайы заң қабылдады. Бұл – өз спортшыларымызды қолдауға арналған маңызды қадам. Бірақ мұнымен шектеліп қалуға болмайды, алға қарай жүруіміз керек”, – деп атап өтті президент.

Ол Футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездетуді тапсырды.

“Қазір еліміздің төрт футбол клубына белгілі кәсіпкерлеріміз ие болды, яғни, клубтар жекеменшікке өтіп жатыр. Сол үшін оларға ризашылығымды білдіремін. Дегенмен футболды коммерцияландыру ісін жалғастыра беру керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз. Қазіргі заманда кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн”, – деді Тоқаев.

Сондай-ақ мемлекет басшысы жасанды интеллекті дәуіріндегі мәдениет пен өнердің дамуына ерекше мән беріп, тиісті инфрақұрылымды саламыз және қажет болса жөндеуден өткізіп, қалпына келтіруге уәде берді. Қазақстанның мәдениеті мен салт-дәстүрін әлемге танытып жүрген өнер адамдарының құрметке лайық іс атқарып жүргенін атап өтті. Мемлекеттің мәдениет қайраткерлеріне қажетті қолдауды көрсететінін айтқан ол, оларға да жаңа заманның талабына бейімделіп жұмыс істеу керегін міндеттеді.

Президент қандай клубтар туралы айтты?

"Қызылжар", "Шахтер", "Жеңіс" пен "Қайсар". 

Алдын ала мәлімет бойынша, астаналық "Жеңіс" клубының артында Михаил Ломтадзе тұрса, қызылордалық "Қайсарды" TAU Group, нақтырақ айтқанда, Исламғали Қозбақов қолдайтын болады.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 08 Қыркүйек, 2025 13:07
Талқылау