Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шетелдік маркетплейстерден сатып алынған тауарларды декларациялау қазақстандықтардың көбіне қатысы жоқ – Мемлекеттік кірістер комитеті

пункт қызметкерлеріФото: m2ch.hk

Мемлекеттік кірістер комитеті шетелдік интернет-дүкендер мен маркетплейстерден тауар сатып алу кезінде енгізілетін жаңа декларациялау тәртібі қазақстандықтардың көпшілігіне қатысты болмайтынын мәлімдеді. Ережелер тек құны мен салмағы шектен асатын тапсырыстарға қолданылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Маңыздысы – жаңа кедендік реттеу ЕАЭО елдерінен тыс орналасқан шетелдік онлайн-дүкендерден жеке тұлғалар сатып алатын тауарларға ғана қатысты болады.  Яғни, бұл шетелдік интернет-платформалар арқылы жасалатын сатып алуларға қолданылады. Мысалы, Қытайдан, АҚШ-тан немесе Еуропалық одақ елдерінен жасалған тапсырыстар.Ал егер сатып алулар ЕАЭО елдерінің интернет-платформаларында – мысалы, Wildberries, Ozon және басқа да осындай сайттарда жасалса, онда жаңа ережелер оларға қолданылмайды.

"Қазіргі уақытта жеке тұлғалар шетелдік интернет-платформалардан сатып алып жүрген тауарлар халықаралық пошталық жөнелтілімдермен не тасымалдаушы арқылы жеткізілетін жеке пайдалану тауарлары санатынан "электрондық сауда тауарлары" санатына ауыстырылады. Сонымен бірге, жаңа реттеу тәртібіне көшу пошта сәлемдемелерін алушылар үшін барынша аз өзгерістермен және елеулі қолайсыздықтарсыз өтеді деп күтілуде. Жаңа ұғымдар – "электрондық сауда тауарлары", кедендік декларацияның жаңа түрі, жаңа алым және тіпті нарықтың жаңа қатысушысы  – "электрондық сауда операторы" енгізілгеніне қарамастан, қарапайым азаматтар үшін сәлемдемелерді алу үдерісі айтарлықтай өзгеріске ұшырамайды", – делінген МКК хабарламасында.

Барлық кедендік рәсімдерді алушылардың орнына электрондық сауда операторлары орындайтын болады – бұл көпшілікке таныс компаниялар, мысалы, "Қазпошта" АҚ, DHL, FedEx және басқалары. Олар қажетті декларацияларды тапсырып, жеке тұлғалар атынан сәлемдемелерді рәсімдейді.

Комиссия электрондық сауда тауарлары үшін де жеке пайдалану тауарларындағы сияқты 200 еуро мөлшеріндегі бажсыз әкелу шегін сақтап қалу туралы шешім қабылдады. Осылайша, егер сатып алынған тауардың құны 200 еуродан аспаса, жеке тұлғалар кедендік баж бен салық төлеуден босатылады.

Егер тауардың құны 200 еуродан асатын болса, сатып алушылар "электрондық сауда тауарларына қатысты кедендік баж" төлейтін болады. Аталған баж мөлшері тауардың құнының 5%-ын құрайды деп жоспарлануда. Сондай-ақ 12% мөлшерінде ҚҚС төленуге тиіс.

Қазіргі уақытта жеке пайдалану тауарлары үшін 200 еуро шегінен асқан жағдайда, құндық нормадан асқан бөлігіне бірыңғай мөлшерлеме бойынша 15% мөлшерінде (оның құрамына кедендік баж бен ҚҚС кіреді) төлем алынады, бірақ салмақтық нормадан асқан әрбір килограмм үшін кемінде 2 еуро мөлшерінде төленеді. Яғни, қазіргі уақытта мұндай тауарларға құндық бажсыз әкелу шегімен қатар салмақтық шек те қолданылады – ол 31 кг-ды құрайды.

Көріп отырғанымыздай, төлемдерді төлеу тәртібінде түбегейлі өзгерістер көзделмеген, айырмашылық тек баж мөлшерінде (5% және 15%) және оның қандай құннан алынатынында (толық құннан немесе шектен асқан бөлігінен) ғана бар. Сондай-ақ бажсыз әкелудің салмақтық шегі алынып тасталады, себебі жеке тұлғалар сатып алатын тауарлардың өте аз бөлігі ғана 31 кг салмаққа жетеді.

Айта кету керек, "Қазпошта" АҚ мәліметтері бойынша, жеке тұлғалар шетелдік интернет-платформалардан сатып алатын тауарлардың 90%-дан астамы 200 еуро шегінен аспайды. Сондықтан жоғарыда аталған өзгерістер Қазақстандағы сатып алушылардың басым бөлігіне әсер етпейді, өйткені құны 200 еуроға дейінгі тауарлар үшін төлемдер төлеу көзделмеген.

Айта кетейік, бұған дейін шетелдік интернет-дүкендердің тауарларына баж салығы ҚҚС есебімен бағадан 15% -дан 17% -ға дейін көтерілетіні хабарланды.

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 28 Қазан, 2025 12:22
Талқылау