"Шетелдік инвесторлар қолдау көрсетуде": Ұлттық Банк алдағы уақытта елімізде теңге тұрақты бағамын сақтайтынын болжады

Фото: pixabay.com
Ұлттық Банк теңгенің қазіргі тұрақты позициясы алдағы айларда да жалғасуы ықтимал екенін мәлімдеді. Айтуынша, бұл сыртқы нарықтағы қолайлы жағдайлар мен мұнай бағасының орнықтылығы және Қазақстанға капитал ағымының күшеюімен байланысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық банктің мәліметінше, қазан айынан бастап теңгенің долларға шаққандағы айырбастау бағамы 499-500 теңге деңгейіне дейін (9%-ға) тұрақты нығайған.
“Теңгенің күшеюі бірнеше фактордың қатар әсер еткенін көрсетеді. Біріншіден, сыртқы нарықтағы жағдай қолайлы болып тұр. Мұнай бағасы барреліне 60 доллардан жоғары деңгейде сақталуда. Екіншіден, АҚШ Федералды резерв жүйесінің мөлшерлемені төмендетуі доллардың әлемдік индексін 8,3%-ға әлсіретті. Соның арқасында дамушы елдердің валюталары да дәл осындай 8,3%-ға нығайды. Осы жағдайлардың барлығы халықаралық инвесторлардың дамушы нарықтарға, соның ішінде Қазақстанға деген қызығушылығын жоғары деңгейде ұстап тұр”, – делінген хабарламада.
Ведомство сонымен қатар Үкіметтің Ұлттық Банк және Агенттік 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономиканы тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі Бірлескен іс-қимыл бағдарламасын іске асырғанын жеткізді.
“Бұл бағдарлама экономикадағы сұраныс пен ұсыныстың теңсіздігін азайтуға, бюджет қаражатын тиімді жұмсауға және реттеу жүйесін күшейтуге бағытталған. Сондай-ақ халықтың табысын арттырып, инфляцияны төмендету арқылы тұрақты экономикалық өсімге жағдай жасауды көздейді. Ұлттық Банктің тұрақты әрі бірізді шешімдері нарықтағы сенімді күшейтті. Қатаң, бірақ қалыпты ақша-несие саясаты инфляцияға деген қауіптерді төмендетіп, теңгемен ұсынылатын қаржы құралдарының нақты табыстылығын арттырды. Осыған байланысты олар шетелдік инвесторлар үшін де тартымды бола түсті”, – делінген хабарламада.
-
2026 жылдан бастап Қытайдан көлік алу қымбат әрі қиындай түседі
-
Енді әлеуметтік желілер мен маркетплейстер Қазақстанда тіркеліп, филиал ашуға міндеттеледі
Сонымен қатар, ведомсвто қазанның басынан қарашаның соңына дейін шетелдік инвесторлар Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына 1,1 миллиард доллар салатынын мәлімдеді.
“Нәтижесінде олардың жалпы портфелі 3,6 миллиард долларға жетіп, тарихи рекорд орнады. Жыл басынан бері өсім 1,5 миллиард доллар болды. Инвесторлардың осындай белсенділігі Қаржы министрлігінің қарыз алу құнын да төмендетті: желтоқсанда 9 жылдық бағалы қағаздар 16,1% мөлшерлемемен орналастырылды (қазанда – 17,2%). Шетелдік инвесторлардың валюта ұсынуы көбейіп, бұл теңгенің нығаюына тікелей әсер етті. Ал сыртқы нарықтағы қолайлы жағдай ұлттық валютаға қосымша қолдау көрсетті”, -делінген жазбада.
Ұлттық Банк баға тұрақтылығын сақтап, теңгенің нарықтағы қозғалысын бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Алматы әкімдігі тұрғындардың наразылығын тудырған эстакадаға қатысты суретке түсініктеме берді