Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шетелдік демеушілердің тапсырысы ма": Депутат Ирина Смирноваға қарсы буллинг дерегі жөнінде баяндады

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов әріптесі Ирина Смирноваға қатысты буллинг дерегі болғанын айтып, мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ирина Смирнова

Фото: parlam.kz

Депутат алдыңғы мәжіліс отырысында Қазақстан халық партиясы фракциясының мүшесі Ирина Смирнова елде шетелдік агенттерге қатысты заң қабылдау жайлы бастама көтергенін еске салды. Оның сөзінше, Смирнова осы арқылы шетелдік ұйымдар қызметінің ашықтығына қол жеткізгісі келген. Сондай-ақ мемлекет те, халық та шетелден келген қаржының қайда жұмсалғанын білер еді дейді. 

“Мұндай заңнамалар АҚШ, Франция мен Австралия және т.б. елдерде бар. Әріптесіміздің бастамасын жауапты патриот азаматтар қолдады, осы үшін оларға алғыс айтамыз. Бірақ белгілі тұлғалар тарапынан агрессивті реакция болды. Жаппай жалған ақпарат тарап, депутатқа қатысты ашық буллинг басталып кетті. Мұны бастаған тұлғалар USAID сынды шетелдік ұйымдар тарапынан қаржыландырылып келеді. Оның үстіне өзге шетелдерден де қаржы алғаны жоққа шығарылмайды. Ақпарат кеңістігінде жоғарғы билік өкілін қаралап, ашық қысым жасау дерегімен бетпе-бет келдік. Көпшіліктің алдында ақталу әрекеті мұндай тұлғалардың екіжүзділігін көрсетеді”, – деді Магеррам Магеррамов.

Депутат осы тұста буллингті “шетелдік ұйымдар тапсырыс беріп жасатты ма?” деген сауалдың туындайтынын айтады. 

“Республика қызметінің негізгі принципі қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық екенін еске салғым келеді. Егер әріптестерімізге осылай жасауға жол берсек, бұл принциптер тек жақсы ниет түрінде қала бермек. Сондықтан құзырлы органдарды заң бұзу деректерінің алдын алуға шақырамын. Қазақстан халық партиясы сот негізінде әділдікке қол жеткізеді. Ирина Смирнованың тарапына айтылған балағаттаулар жазасыз қалмайды”, – деп түйіндеді мәжілісмен. 

Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты Ирина Смирнова Қазақстандағы шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне алаңдаушылық білдіріп, тиісті заң қабылдауды ұсынған еді. 

Талқылау