Қазақстанның бір қаласында алкогольге толық тыйым салу ұсынылды
Депутат Ардақ Назаров Түркістанда алкогольді сату мен тұтынуға тыйым салуды ұсынды. Бұл шешімді Қазақстанның рухани астанасының мәртебесін сақтау үшін қажет деп санайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Оның пікірінше, мұндай қадам туристердің қала көшелерінде мас адамдармен кездесіп қалуының алдын алады.
"Заң аясында Түркістанда арақ ішуге, сатуға, арақ ішіп көшеде жүруге заң аясында тыйым салсақ. Өйткені, білесіз, Түркістан – рухани астана, бүкіл қазақ осы жерден рух алуы керек. Ол жерде ата-бабаларымыз, әулиелеріміз, батыр-билеріміз жатыр. Ертең мұнда шетелден көп қонақтар келеді, сол кезде біздің азаматтар арақ ішіп, алдынан шығатын болса ұят қой. Сондықтан осы заң аясында Түркістанды арақсыз қала, рухани қала деп жариялап, ішімдікке тыйым салуға бола ма", – деп сұрады ол.
Бұған жауап ретінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев мәселенің өзектілігіне тоқталды.
"Түркістан облысында "Арақсыз ауыл" жобасы жүзеге асырылды, қазір басқа өңірлер де атсалысып, түрлі форматта пікірталас жүргізді. Жалпы, Түркістан туристердің қаласына айналып жатыр. Әрине, бұл мәселе бойынша көптеген пікір туындайды. Бұл сұрақ өзекті және орынды. Ол заңнамалық нормалар аясында қарастырылады", – деп ұсынды Ардақ Назаров.
Сондай-ақ Ардақ Назаров қазір облыста алкогольді ішімдіктерді сатуға тыйым салынған 30-ға жуық елді мекен бар екенін атап өтті.
Ұлттық экономика министрі, вице-премьер Нұрлан Байбазаров шектеулерге байсалды түрде қарауға шақырды.
“Менің ойымша, мұндай тыйымдар ең көп баратын және есепке алынатын орындарда енгізілуі керек. Ал жалпы алғанда, егер қалада басқа орындар болса, онда бізде адамдардың таңдауы бар екені түсінікті. Егер туристер шетелден келсе, олар өздері әдеттенгендей демалуға мүмкіндік алуы керек”, – деді Нұрлан Байбазаров.
Жүргізуші куәлігі жоқ бола тұра ішімдік ішіп, көлік басқаратын қазақстандықтарға жаза қатаңдатылады
Еске салайық, бұған дейін “Ішімдіксіз ауыл” жобасына Түркістан облысында 30-ға тарта ауыл қолдау білдіріп қатысқанын жаздық. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, Ордабасы мен Мақтаарал ауданында – 5, Келесте – 4, Сайрамда – 3, Қазығұрт, Төлеби, Сауранда – 2, Отырар, Жетісай, Арыста бір ауыл тұрғындары спирттік ішімдік сатудан бас тартқан.