Шетелде оқу қауіпті: Талапкерлер қай елдерді жиі таңдайды

Жоғары білімнің жаһандық нарығы айтарлықтай өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатыр. Егер он жыл бұрын студенттердің басым бөлігі тек Еуропа немесе АҚШ-та білім алуға ұмтылса, бүгінде академиялық география әлдеқайда кеңейді. Саяси тұрақсыздық, оқу ақысының өсуі, визалық режимдердің қатаюы және қауіпсіздік мәселелері студенттер мен олардың отбасыларын дәстүрлі білім беру бағыттарын қайта қарауға мәжбүрлейді. Осы кезеңді пайдаланып, Қазақстан біртіндеп Еуразиядағы жаңа өңірлік білім беру орталығы ретіндегі мәртебесін өсіріп отыр.
Қазақстанның тартымдылығының негізгі факторларының бірі — оның географиялық орналасуы. Еліміз Еуропа мен Азия арасындағы ірі экономикалық және көлік бағыттарының тоғысқан жерінде орналасқан, сол себепті ол Орталық Азия, Оңтүстік Азия, Қытай, Ресей және Таяу Шығыс елдерінен келген студенттер үшін қолайлы білім беру хабына айналуда.
Ірі академиялық орталықтар Алматы және Астана сияқты қалаларда шоғырланған. Дәл осы қалаларда заманауи университеттік инфрақұрылым – кампустар, зерттеу орталықтары және халықаралық бағдарламалар дамуда. Көрші елдерден келген студенттер үшін тағы бір маңызды артықшылық – көлік қолжетімділігі. Мұнда ұшу уақыты қысқа әрі Еуропа немесе Солтүстік Америкаға сапармен салыстырғанда әлдеқайда арзан.
Бұрын оқу үшін ел таңдауда университеттердің рейтингі басты рөл атқарып, Harvard, Oxford және MIT сияқты оқу орындары көш бастаған болса, бүгінде қауіпсіздік пен тұрақтылық маңызды критерийге айналды. Әлемдегі саяси шиеленіс, көші-қон шектеулері және кейбір өңірлердегі әлеуметтік қақтығыстар отбасыларды тұрақты елдерге назар аударуға итермелеп жатыр.
Осы тұрғыда Қазақстан өмір сүруге және білім алуға қолайлы, бейбіт әрі тұрақты орта саналады. Шетелдік студенттер үшін тек академиялық орта ғана емес, сондай-ақ жайлы әлеуметтік ахуал, еркін қозғалу мүмкіндігі және жергілікті қоғамға бейімделу де маңызды. Сондықтан да шетелдік студенттер Қазақстанды жиі таңдай бастады.
Университеттер шетелдік жоғары оқу орындарымен қос диплом бағдарламаларын енгізіп, академиялық ұтқырлықты дамытып, халықаралық серіктестермен бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асырмақ. Мәселен, NU мен SOAS University of London (Лондон университетінің Шығыс және Африка зерттеулері мектебі) бірлесіп "Жаһандық қатынастар және еуразиялық зерттеулер" бойынша жаңа магистрлік бағдарламаны іске қосты, оның түлектері екі университеттің дипломын алады. Сондай-ақ Nazarbayev University (NU) мен Гонконг ғылым және технологиялар университеті (HKUST) бірлесіп Азиядағы алғашқы еуразиялық бизнес саласындағы бакалавриат бағдарламасын ұсынуда. Студенттер алғашқы екі жыл NU-да, соңғы екі жыл HKUST-тебілім алып, екі университеттің дипломын алу мүмкіндігіне ие болады.
Тағы бір маңызды фактор – оқу ақысы. АҚШ немесе Ұлыбритания университеттерінде жүріп-тұру шығындарын есептегеменде, оқу жылына ондаған мың долларды құрауы мүмкін. Қазақстанда оқу мен өмір сүру құны айтарлықтай төмен, сондай-ақ білім беру инфрақұрылымының деңгейі тұрақты түрде өсіп келеді. Көптеген отбасы үшін бұл – сапа мен қаржылық мүмкіндіктер арасындағы тиімді теңгерім.
Бүгінде оқу үшін ел таңдау тек дипломның беделімен ғана емес, қауіпсіздік, халықаралық орта, құн және мансаптық мүмкіндіктер сияқты факторлардың жиынтығымен анықталады.
Қазақстан біртіндеп ашық, интернационалды және әлемнің ірі өңірлерінің тоғысында орналасқан жаңа үлгідегі білім беру орталығына айналып жатыр. Сондықтан бүгінде студенттерге қойылатын сұрақ басқаша: "Неліктен Қазақстанда білім алу керек?" емес, "Сапалы білім жақын жерде қолжетімді болса, неліктен оны алыстан іздеу керек?".
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бір киіз үйді 13,5 миллион теңгеге сатып алған