Шетелде бірнеше күн демалуға 6 млн теңге жұмсаған: Отандық жұлдыздар неліктен елде демалмайды
«Ішкі туризмге көңіліміз толмайды. Сервис көңіл көншітпейді!». Отандық эстрада жұлдыздарының 90 пайызы осылай деп жауап қатты. Биыл жазда олардың дені Қызыл теңізімен танылған Мысыр еліне барған екен. Араларында бірнеше күндік демалысына 6 миллион теңге шашқандары да бар.
Бүгінде әншілердің әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы олардың қайда, не істеп жүргендерін оп-оңай-ақ білуге болады. Өйткені олар тіпті қандай тамақ ішкендеріне дейін жарыса салады. Енді жаз демалысы басталысымен сахна саңлақтары өздерінің қайда және қалай демалып жатқандарын жүктей бастады. Бірі Біріккен Араб Әмірліктерінің суында шомылса, өзгесі Анталияның күніне күйіп бір-бірімен жарысып әлек, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап.
Әнші Нұржан Керменбаев отбасымен Малайзияда жүрсе, халыққа еркелуден жалықпайтын, ара-тұра мақтанып та тұратын Ерке Есмахан демалысын Түркияда өткізуді жөн санапты. Ал Мәдина Сәдуақасова Индонезияда демалған. Дегенмен әншілердің дені биыл Мысырға баруды жөн санапты. Арасында Қыдырәлі мен Қарақат та бар.
«Негізі Түркия елі бағасын көтергенін білесіздер. Шарм-әл-Шейхтің бағасы арзан емес, Түркиямен сай. Бұл отбасы мүшелерінің санына байланысты болатын шығар. Мысалы, бізде сегіз адамға 5-6 миллиондай ақша кетті», - дейді Қарақат Әбілдина.
Трэвел агенттіктері де жұлдыздардың демалуға ақша аямайтынын жасырмайды. Тек all inclusive-ті ғана таңдайды. Ал оның бір адамдық құны 500 мыңға дейін барады. Бірақ жұлдыздар көбіне бес жұлдызды қонақ үйді таңдаған соң, баға екі еселенеді. Сондай-ақ бүгінде отандық әншілердің ең сүйікті демалыс орындары қатарына Түркия емес, Доманикано мен Мальдив аралдары кіріпті.
«Әр әншінің өз талғамы бар. Өзіне ұнайтын елдері бар. Соны таңдап береміз. Көбінесе ол, әрине - Түркия, осы жазда әсіресе, Араб Әмірліктері. Сондай-ақ осы жылы Мысырды көп таңдады. Доминикано, Малайзия, Эндонезияны да таңдағандары да көп», - дейді туристік агенттіктің менеджері Қымбат Теміргауыхова.
Байқағанымыздай, бірде-бір отандық қала аталмады. Неге? Оған себеп те жоқ емес екен.
«Біздің елде қызмет көрсету деңгейі әлі де төмен. Ал шетелде демалып үйренген адамға сіз дұрыс қызмет ұсына алмасаңыз, оған тіпті қиын. Шыны керек, тұнық көл, тұмса табиғаттың өзі сервис дұрыс болмаса түкке тұрмай қалады. Мен де өз елімде демалғым келеді. Бірақ 30 жылда өзгермеген туризм саласына көңілім толмайды. Бізде бұл салада ешқандай өзгеріс жоқ. Бәрі бірқалыпты», - дейді продюсер Баян Алагөзова.
Десе де көпке топырақ шашудан аулақпыз. «Чип-чип» әнімен танымал болған әнші Асхат Тарғын еліміздің тұмса табиғаты мен мөлдір суларына шетелдің бірде-бір қаласы жетпейтінін айтады.
«Бірде-бір шетелдің суынан кем түспейтін Алакөлдің суы маған қатты ұнады. Енді, Құдай қаласа, жылда келіп тұрамыз. Барлығыңызға кеңес беремін. Отандық туризмді дамытайық», - дейді Тарғын.