Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шешем тамағыма пышақ тақап, 2 баламмен қуып шықты": Қазақстандық әйелдер ауыр тағдыры туралы айтып, жылады

16 жасында тұрмысқа шығып, анасынан қашқан Айнаш есімді келіншек 2 баласымен далада қалды. Анасы қызына кішкентай кезінен бастап күн бермеген. Тапқанын қолынан тартып алып, тепкінің астына салған. Өкінішке қарай, қазір бұл әйел дағдарыс орталығында бас сауғалап жүр. Әйел Stan.kz тілшісіне басынан өткізген қиын тағдыры туралы айтып берді.

Фото: Stan.kz

“Анам мойныма пышақ тақады”

Екі баласымен далада қалған кішкентай кезінен жақынынан теперіш көрген. Анасы қызын жиі тепкінің астына салып, мойнына пышақ та тақаған. Қызының баласын үкіметке немесе ажырасып кеткен бұрынғы күйеу баласының отбасына беремін деп қорқытқан. Бұл қорлыққа шыдамаған әйел қазір бас сауғалап жүр.

"16 жасымда анамнан қашып, тұрмысқа шықтым. Басқа отбасына кетсем де, тыныштық бермеді. Ол кісі күйеуім екеуміздің ортамызға килігіп, ажырасуыма себепкер болды. Күйеуіме мен туралы өтірік ақпараттар айтып, жиі жамандайтынды шығарды. Кішкентайымнан таяқтың астында өстім. Бұдан қалды ол екі баламды тартып алып, үкіметке немесе бұрынғы қайын жұртыма беремін деп қорқытады. Барлық бауырымды маған қарсы етіп қойған. Айғай-шудан шаршап, пәтерден-пәтерге көшсем де, тауып алатын. Солай жүрген кезде анам атыма "балаларын қарамайды, қаңғырып жүр" деп арыз жазған. Мен де оның атына арыз жазып, бәрі жалған екенін айттым", – деді Айнаш (аты өзгертілген).

Айнаштың айтуынша, анасы әкесімен отасқан кездерде де үйде ұрыс-керіс азаймаған. Қыздың анасы балаларымен қоса, әкесін де таяқтың астына алған екен. 

"Балалық шақтан бері анамыздың бізге балта мен темір ала жүгіруі бізге жай күнделікті іс болып көрінетін. Бұл азаптан шаршағаным соншалық кейде қол жұмсағым да келетін. Ажырасып келгеннен кейін бір күні ол мойныма пышақ тақады. Аузына келгеннің бәрін айтты. Бір сәтте мені қойып, балаларыма тиісе жөнелді. Көрші апай келім қалмағанда жағдай қалай өрбитінін білмеймін", – деді жәбір көрген әйел.

Дағдарыс орталығын паналаған келіншек тезірек аяқтан тұрып, балаларын өзі ержеткізгісі келеді. 

“Үйді арестке қойып, сатып жібереді деп қорқытты”

Ал Гузалья Лихвацкаяның қызы үйді иемденген соң баласы екеуі қарияны үйден қуып шыққан. Бұдан қалды оны 2 аптаға жындыханаға жатқызып үлгерген. Зейнеткердің немересі оған жәбір көрсетіп, ұрып-соққан. Әжесінің психикасына әсер ету үшін үйге дабыл видеокамерасын орнатып қойған. Қария қазір жанашыр жандардан және заңгерлерден үйін қайтарып беруге көмек сұрайды.

"ІІ топ мүгедегімін. Зейнеткермін. Бұған дейін меншігімде 2 үй болды. Бірінші үй жекешелендірілді. Қызым мен ұлым бар. Қызым екінші үйді өзіне пәтерді сыйға тарту актісі ретінде жазып беруімді сұрай берді. Психиатриялық ауруханада жатқаны оны жүйке ауруына шалдықтырды және көнуіне ыңғай жасады. Содан бес миллион теңге несием болды. Балаларға көмектесу үшін алдым. Қызым банк мазалап жатқанын айтып, үйімізді тартып алады деп қорқыта бастады. Шатырсыз қаламыз деп қорықтым. Сөйтіп қызым мені ренжітті. Осының бәрінен қорықтым. Үлкен ұлын менің қасыма тұрғызды. Немерем мені үнемі мазақ етіп, арандататын. Мені психиатриялық ауруханаға қамап қоямын деп бопсалады. Оның мұндай әрекеттері жиі болды. Қызыма бірнеше рет хабарласып, бөлек тұруын өтіндім. Немерем үйді балаларға сыйға беру актісіне қол қойғанымды білген күннен бастап мазақ ете бастады. Менімен санаспады. Заттарым, дәрі-дәрмектерім, азық-түлігім бар-ау демейтін. Әрдайым бәрін лақтырып жіберетін. Өтіп бара жатқанымда итеріп, ұра бастайтын", – деді Гузалья Лихвацкая.

Гузалья Лихвацкаяның айтуынша, полиция келіп, оны психиатриялық ауруханаға жатқызу туралы кеңес берген. 

"Ал мен полициядан да көмек күткен жоқпын. Бірде біреулермен, бірде көршілермен тұрдым. Өйткені үйге келу қорқынышты болды. Психиатриялық ауруханадан үнемі қауіп төніп тұрды. Сол күні үйге кенже немере қызым келіпті. Сол бар кезде үйде тамақ жасайын, үйде болайын деп ойладым. Алайда 10-15 минут өтер-өтпес психиатриялық больницаның көлігі келіп тұр екен. Қызметкерлер ешнәрсеге қарамай, тіпті, тіс жармай, мені алып кетті. Көліктегі адамдар мені "машинаға отыр" деп жұлқылап алып кетті", – деді зейнеткер.

Зейнеткер 2 аптадан кейін жындыханадан шығарылды. Өкінішке қарай, жеткіншек әжесі тұратын бөлмеге сирена ойнайтын видеокамера орнатып үлгерген. Немересі қарияға қол көтеріп, тіпті, қол салуға әрекет жасаған көрінеді.

"Немерем сирена қойып, арандата бастағаны бір бөлек. Бір күні үйге келсем, бөлмемнің жанында орындық жатыр. Сол орындықта арқан тұрғанын көрдім, дарға асу үшін жасалған сияқты. Ал сол жерде шприц бар. Ішке кіріп, маған бірдеңе жасай ма деп қорықтым. Содан кейін сол үйден қашып кеттім", – деді қария.

Қария өзіне көмектесетін адамдар табылса, алғысым шексіз деп отыр.

"Мен үйімді қайтарып, сонда тұруым үшін маған көмектесіп жіберсе, жақсы болар еді. Мен сол психиатриялық больницаға қайта барғым келмейді. Ешкімге мұндай сұмдықты тілемес едім", – деді зейнеткер.

Видео-сұхбаттың толық нұсқасын Stan.kz Youtube арнасынан көре аласыздар!

Талқылау