Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Желіде Шерзат Полатты өлтірді деп айыпталғандардың түрмеде туған күндерін тойлаған видеосы тарады

Әлеуметтік желіде түрме секілді мекемеде бір топ ер адамның туған күн тойлап жатқан видеосы тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Видеодан бір ер адамның басқасына шырақ жағылған тортты ұсынып жатқанын көруге болады. Видео авторы мен пікір жазғандардың айтуынша, олар – Талғарда анасының қолында өлім құшқан 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне күдікті деп танылғандар.

Алматы облысы полиция департаменті желіде тараған видеоға қатысты пікір білдірді.

“Уақытша ұстау изоляторында қамауда отырғандардың бірінің туған күнін тойлауына қатысты жанжақты тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Барлық кінәлілер, оның ішінде басшылық та бар, қатаң жауапқа тартылады. Тергеу барысы ерекше бақылауда”, – делінген хабарламада.



Полиция бұл құқық бұзушылыққа әкеп соққан жағдайлар мен себептерді жою шаралары қабылданды деп сендірді.

Шерзаттың ісі бойынша адвокат Сакура Тәуекелова видеоға қатысты прокуратураға өтініш жібергенін айтты.

“Маған ұсталғандандардың изоляторда отырып туған күн тойлаған видеосын жіберді. Олардың ұялы байланыстары бар екен. Біз қазір прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне, қылмыстық атқару жүйесінің комитеті және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне өтініш жібердік. “Қамаудағыларға не себепті мұндай жеңілдік жасалған?” деген сұраққа жауап алып, тергеу жүргізуді сұраймыз. Кінәлілер жауапқа тартылсын. Біз үндемей қалмаймыз”, – деді Сакура Тәуекелова.

Еске салайық, 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын мәлімдеді. Жергілікті билік отбасына уақытша баспана мен тәулік бойы күзет берді. Сондай-ақ әкімдік үйді қалпына келтіруге уәде берді.

Оқиғаларды тергеу кезінде ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов пен Алматы облысының прокуроры Берік Адамов 12 қазанда кінәлілерді анықтау бойынша шаралар туралы мәлімдеді. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін Талғарға Ұлттық ұлан күштері жұмылдырылды.

9 желтоқсанда Талғардың шетінде Шерзат Полаттың жанында болып, қақтығыс кезінде қаза тапқан жасөспірімнің әкесінің жанында жүрген оның ағасының денесі табылғаны белгілі болды. Полиция мәліметінше, ер адам өзіне қол жұмсаған.

Талқылау