Шерзат Полаттың өліміне қатысты тергеу аяқталды: Іс прокуратураға жіберілді
16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жолдану үшін прокуратураға жіберілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
“Былтыр 4 қазанға қараған түні болған кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты тергеу аяқталды. Тараптар қылмыстық істің материалдарымен танысты. Іс сотқа жолдану үшін прокуратураға жіберілді”, – деп мәлімдеді Алматы облысының полициясы.
Тергеу аясында 40 сот-медициналық сараптама жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынды. Барлық күдіктінің жауаптары тексерілді. Процеске қатысушылар беттесіп, қылмыстың мән-жайын анықтауға бағытталған басқа да тергеу әрекеттері жүргізілді.
8 бейнематериал зерттеліп, қылмысқа қатысушылардың барлығына құқықтық баға берілді.
“Қылмыстық істің көлемі жиналған дәлелдемелерді, сараптамалық қорытындыларды, жауап алу хаттамаларын және барлық мән-жайды анықтауға бағытталған маңызы бар басқа да материалдарды қосқанда 62 том болды. Әрбір тергеу әрекеті қылмыстық заңнама талаптарын сақтай отырып жүргізілді. Тергеудің барлық кезеңінде заңдылық, ашықтық пен объективтілік сақталды”, – делінген хабарламада.
Прокуратура тергеу барысын және процеске қатысушылардың конституциялық құқықтарының сақталуын өз бақылауына алды.
Бұған дейін жәбірленуші тараптың адвокаттары Шерзаттың ісіне қатысты соттың қашан басталатынын айтқан еді.
Еске салайық, 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын мәлімдеді. Жергілікті билік отбасына уақытша баспана мен тәулік бойы күзет берді. Сондай-ақ әкімдік үйді қалпына келтіруге уәде берді.
Оқиғаларды тергеу кезінде ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов пен Алматы облысының прокуроры Берік Адамов 12 қазанда кінәлілерді анықтау бойынша шаралар туралы мәлімдеді. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін Талғарға Ұлттық ұлан күштері жұмылдырылды.
9 желтоқсанда Талғардың шетінде Шерзат Полаттың жанында болып, қақтығыс кезінде қаза тапқан жасөспірімнің әкесінің жанында жүрген оның ағасының денесі табылғаны белгілі болды. Полиция мәліметінше, ер адам өзіне қол жұмсаған.