Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта жарыссөз басталды
Фото: Әлеуметтік желіден
Талдықорғанда өтіп жатқан Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта жарыссөз басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Сот тергеуі аяқталды. Енді сот жарыссөзге көшеді", – деді судья Ержан Жанұзақов.
Жарыссөз мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбайдың сөзінен басталды. Прокурор қайғылы оқиғаның қалай болғанын тағы бір егжей-тегжейлі айтып берді.
“Жоғарғы соттың 2009 жылғы 12 қаңтардағы “Бұзақылық” жөніндегі істер бойынша сот практикасы туралы №3 нормативтік қаулысының 9-тармағына сәйкес, бұзақылық екі және одан да көп орындаушылардың қатысуымен алдын ала сөз байласпай жасалған жағдайларда топ болып жасау айқындаушы белгілері бойынша саралануы мүмкін. Бұзақылық оны жасау үшін екі немесе одан көп адамның жалпы күші біріктірілген және бірге қатысушылардың әрқайсысының әрекеті басқа бірге қатысушылардың әрекет жасауы үшін қажет шарт. Рөлдердің алдын ала бөлінуіне сәйкес, барлық бірге қатысушылардың әрекетінен туындаған ортақ қылмыстық нәтижемен себепті байланыста болған жағдайларда да топ болып алдын ала сөз байласып алдын ала бұзақылық жасау белгісі бойынша сараланады делінген. Мұндай жағдайда қылмысқа екі және одан да көп орындаушылардың қатысуы міндетті емес. Басқа түрдегі бірдей қатысушылар болғанда бір орындаушы жеткілікті деп көрсетілген”, – деді Дана Сәрсенбай.
Еске салайық, бұған дейін 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын мәлімдеді. Алайда үйді өртеген күдіктілер әлі күнге табылған жоқ.
Сот отырысы ашық форматта, қазақ тілінде өтіп, істі судья Ержан Жанұзақов қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушылар – Ержан Құрақбаев пен Дана Сәрсенбай. Ауыр қылмыс жасады деп Талғар ауданының тоғыз тұрғыны айыпталды.
- Абзал Шынасыл 2000 жылы туған, қазақ, орта білімді, жұмыссыз, үйленбеген, бұрын сотталмаған. Оған Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5), 9), 14) тармақтары бойынша (Кісі өлтіру), 24-бабы 3-бөлігі бойынша (Қылмысқа оқталу), 293-бабы 3-бөлігі бойынша (Бұзақылық) айып тағылған.
- Равиль Сакиев 1998 жылы туған, қазақ, орта білімді, мейрамханада администратор болған, үйленбеген, бұрын сотталған. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 7), 9) тармақтары бойынша (Кісі өлтіруге оқталу), 24-бабы 3-бөлігі бойынша (дайындалу), 293-бабы 3-бөлігі бойынша (Бұзақылық) айып тағылған.
- Шыңғыс Белгожаев жоғары білімді, спорт мектебінде әдіскер болған, бұрын сотталған. Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі бойынша (Бұзақылық) айып тағылған.
- Дархан Әскентай 1993 жылы туған, қазақ, орта білімді, жұмыссыз, бұрын тергеуге алынған. Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі бойынша (Бұзақылық) сотқа шақырылды.
- Нұрқияс Ілиясов 1998 жылы туған, қазақ, орта білімді, жұмыссыз, үйленбеген, бұрын сотталған. Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі бойынша (Бұзақылық) бойынша сот алдында жауап беріп жатыр.
- Азамат Тоқтаубаев 2000 жылы туған, қазақ, орта білімді, кәсіпкер, үйленген, 2024 жылы 7 жылға сотталған. Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі бойынша (Бұзақылық) айыпталды.
- Нұрбол Тоқтаубаев 1996 жылы туған, қазақ, орта білімді, арнайы техника операторы, үйленген, бұрын сотталмаған. Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі бойынша (бұзақылық).
- Дидар Қалиахмет (1998 жылы туған, қазақ, Талғар тумасы, орта білімді, жүргізуші, үйленген, екі баласы бар, бұрын сотталмаған. Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі бойынша (Бұзақылық) жауапқа алынып жатыр.
- Думан Ысқақ (2007 жылы туған, қазақ, Талғар тумасы, орта білімді, 11-сынып оқушысы. Қылмыстық кодекстің 434-бабы бойынша (Ауыр қылмыс туралы хабарламау) күдікке ілінді.

Биыл қай салаға қанша грант бөлінді: Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар аталды
