Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот қашан басталатыны айтылды
16 жастағы Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша сот қашан басталатынын жәбірленуші тараптың адвокаттары айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Қаржаубай Нұрымовтың желідегі парақшасынан
Дүйсенбі күні өткен баспасөз мәслихатында жәбірленуші тараптың адвокаты Саида Тәукелеваның айтуынша, қорғаушы тарап қылмыстық іс материалдарымен толық танысып шыққан.
"Біз қылмыстық істің материалдарын, оның үлкен көлеміне қарамастан, толықтай зерттеп шықтық. Қазір іс материалдарын біздің оппоненттеріміз қарап жатыр. Олар материалдармен танысып болған соң, тергеу органы бізге хабарлайды. Осыдан кейін сот отырысының қашан басталатыны белгілі болады. Бірақ біздің болжамымызша, іс наурыз айында сотқа беріледі. Сәйкесінше, сол айда кәмелетке толмаған Шерзат Болатты өлтіру ісі бойынша сот процесі басталады деп күтіп отырмыз", – деді ол.
Еске салайық, 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын мәлімдеді. Жергілікті билік отбасына уақытша баспана мен тәулік бойы күзет берді. Сондай-ақ әкімдік үйді қалпына келтіруге уәде берді.