Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс алдағы екі аптада сотқа жіберілуге тиіс – Депутат

Мәжіліс отырысында депутат, заңгер Абзал Құспан Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс қашан сотқа жіберілетіні туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Айта кетейік, бұған дейін Абзал Құспан арнайы Талғарға барып, бұл іс бойынша полиция және прокуратура өкілдерімен әңгімелескен.

"Өткен жылдың желтоқсанында бізге "Қаңтар айының соңына дейін қылмыстық істі аяқтап, сотқа жібереміз" деп айтылды. Іс бойынша күдіктілердің бәрі қамауда, олардың әрқайсысына қатысты құқықтық баға берілген. Әзірге ақпарат – осы. Менің ойымша, келесі аптада болмаса, одан кейінгі аптада іс сотқа жолдануға тиіс. Прокуратура органдары сот алдында осы іске қатысты брифинг өткізеді. Бұл маған жеткізілген ақпарат", – деді Абзал Құспан.

Ішкі істер министрлігінің өкілдері қылмыстық іс 2024 жылдың соңына дейін сотқа жіберілуі мүмкін екенін мәлімдеген еді. Журналистер Абзал Құспаннан мұның неге жүзеге аспағанын сұрады.

"Тергеу барысында қиындықтар болады. Мен де прокуратура органдарында қызмет атқардым, адвокат болдым. Кейбір жоспарлар орындалмай жатады. Себебі, мысалы, тергелуге тиіс куәгер келмей қалады. Сарапшылар маңызды сараптаманы уақытында аяқтап үлгермейді. Ал ол куәгер болмаса немесе сараптама нәтижесі шықпаса, іс сотқа жіберіле алмайды", – деп түсіндірді Абзал Құспан.



Еске салайық, бұған 16 жастағы Шерзат Полаттың өлімі 4 қазанға қараған түні болған еді. Жасөспірімді анасының көз алдында топ адам дүкен алдында төбелес ұйымдастырып, ұрып-соғып пышақтаған. Шерзаттың әкесі Бас прокурорға әділ тергеу жүргізуді сұрап, отбасын қорқытып-үркітіп жатқанын мәлімдеді. ІІМ тергеу барысын жеке бақылауға алғанын хабарлады. Құқық қорғау органдары қылмысқа қатысы бар жеті адамның анықталғанын айтты. 12 қазанда өлтірілген жасөспірімнің отбасының үйі өртеніп кетті. Қаза тапқандар мен жарақат алғандар болған жоқ. Марқұмның отбасы күзетке алынды. 15 қазанда осы қылмыстық іс бойынша тағы үш күдікті ұсталғаны белгілі болды. Қонаев қаласында өткен баспасөз конференциясында Шерзаттың өмірінің соңғы түнін бейнелейтін видео көрсетілді.

Жасөспірімнің өлімінен кейін Талғар қаласының әкімі мен оның орынбасары қызметінен босатылды, сондай-ақ Талғар ауданы әкімінің аппаратының басшысы қызметінен алынды. 18 қазанда полиция осы қылмыстық іске байланысты тағы бір күдіктіні ұстағанын хабарлады. Сол күні Алматы облысы прокурорының орынбасары Саян Бәкіров пен Талғар ауданының прокуроры Ескендір Бекманов қызметінен шеттетілді.

Талқылау