Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шерзат өлімі бойынша сотта күдіктілердің видеосы тарағаны үшін техникалық қызметкерлер жазаға тартылды

Тікелей эфирден скриншот

Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысында сотталушылардың желіде тарап кеткен видеосына қатысты шешім шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

29  сәуірде өткен сот отырысында сотталушылардың айыпталушылар орнынан шығып келе жатқан видеосы желіде тараған еді. Желі қолданушылары сотталушылардың күліп келе жатқанын байқап, наразы болды. Кейін сотталушылардың жақындары осы видеоның тарап кетуіне кінәлілер жазалануын талап етті. Өйткені сотталушылар тікелей эфирде түрін көрсетуге рұқсат берген жоқ.

“Қызметтік тексеріс барысында онлайн трансляциясын тарату бойынша техникалық қызметкерлердің трансляцияны уақытылы тоқтатпағаны анықталды. Соның кесірінен күдіктілердің видеосы желіде тарады. Техникалық қызметкерлер Рустам Мухсинов, Нәзира Оразалиева, Сәуле Қайдагулова тәртіпті жазаға тартылды”, – деді судья Ержан Жанұзақов. 

Сондай-ақ судья 21 мамырдағы сот отырысында үзіліс кезінде күдіктілердің сөйлеп жатқан видеосы бойынша жеке қаулы шығарды. Ол да видеоның шынайылығын және кімдер сөйлеп жатқанын, кімге бағытталғанын анықтау үшін Алматы прокурорларына тапсырма берді.

“Шешімді судья ғана қабылдайды. Арандатушылық пен шуға жол жоқ”, – деді Жанұзақов. 

Еске салсақ, желіде Шерзаттың өліміне қатысты сот аяқталған кезде әлдекімдердің жазылып қалған диалогы тарағаны айтылды. Онда “уайымдама, сөйлесіп қойдым” деген дауыс естіледі. 

 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын мәлімдеді. Алайда үйді өртеген күдіктілер әлі күнге табылған жоқ. 

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 22 Мамыр, 2025 15:05
Талқылау