Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шенеуніктер емес, жүйе жұмыс істеу керек – Қанат Бозымбаев су тасқынын болжауға қатысты

Вице-премьер Қанат Бозымбаев су тасқынын 100 пайыз болжаудың мүмкін емес екенін айтты. Сол себепті адамдардың араласуынсыз жұмыс істейтін жүйе құруға мүмкіндік беруін сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: primeminister.kz

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, төтенше дайындығы жоқ мемлекеттік органдар өздерінің біліксіздігі мен әрекетсіздігін ақтау үшін түрлі сылтау ойлап табады. Сол себепті ол адамдардың араласуынсыз жұмыс істейтін жүйе құру керегін айтады. 

“Жүйе құру керек және жұмысы жүйелі болуы тиіс. Адамдар, шенеуніктер, немесе Бозымбаев пен министр Нұржігітов емес, жүйе жұмыс істеу керек. Сондықтан біл жұмыс істеп тұратын жүйе жасап шығаруға тырысып жатырмыз. Пияр жасап жүрген блогерлердің болжамына қарап отырмас үшін осы жүйені жүзеге асыру керек. Мен оларды көрдім, бірде-бірі дөп басып айта алмады”, – дейді вице-премьер. 



Ол жүйенің соңына дейін әзірленуін күтіп, мемлекеттік қызметкерлерге уақыт беруін сұрады. Жүйенің 100 пайыз дайын болмау ықтималдығы барын айтса да, Қанат Бозымбаев ол уақытқа дейін іске қосылып, жұмыс істейтініне уәде берді.

Сондай-ақ вице-премьер су тасқыны және басқа да төтенше жағдайларға қатысты болжам бола тұра, табиғи апат болған жердегі жергілікті шенеуніктердің сөзсіз жауапқа тартылатынын атап өтті.

“Бұл немқұрайлық болады. Өйткені болжамның ықтималдығы әлдеқайда жоғары болады. Орталық органдар да жауапқа тартылады.  Біздің міндетіміз тез әрекет ете алатындай оларды әдістемелік және материалдық жағынан қамтамасыз ету”, – дейді Қанат Бозымбаев.

Бұған дейін Қанат Бозымбаев келесі жылы су тасқыны бола ма деген сұраққа “Алладан сұрау керек” деп жауап берген еді.

Талқылау