Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шенеуніктер ақшаны желге шашуда": Жамбыл облысында 108 гектар аумаққа егілген мыңдаған талдар қурап кеткен

Жамбыл облысында 108 гектар аумаққа егілген мыңдаған талдың түгі қалмай қурап кеткен. Бір жыл бұрын ғана облыс орталығының айналасын көгалдандыру үшін қолға алынған "Жасыл белдеу" жобасы осылайша аяқсыз қалды. Табиғат жанашырлары шенеуніктер жылда мыңдаған ағаш егіп, қыруар қаржыны тиімсіз жұмсауды әдетке айналдырған дейді. Айтуларынша, оны күтіп-баптап отырған жан баласы жоқ. Ал әкімдік өкілдері қураған талдың орнына келер жылы жас теректерді қайта егеміз деп ақталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

көшет

Бірнеше жыл бұрын шенеуніктер қала шетіндегі зауыттармен бірігіп, "Жасыл белдеу" жобасы аясында 108 гектар алқапқа мыңдаған тал еккен. Әу баста бұл бастама арқылы облыс орталығын жасыл желекке айналдыру көзделіпті. Бірақ жоба аяқсыз қалып отыр. Себебі жүз гектар аумақты алып жатқан тоғай тұтастай қурап, қоқысқа толған. Қазір егілген қалың қараталды маңайдағы зауыттардан шыққан әппақ күл басқан. 

Табиғат жанашыры Рауф Сәбитов желіде таралған роликті көргенде ашуландым дейді. Өйткені жылда тал отырғызуға қыруар қаржы бөлетін шенеуніктер Жамбылды жасыл желекке айналдырудың орнына, бар ағашты өсіре алмай отыр деп қынжылады. 

“Ағаштардың не себепті қурап қалғанын анықтап жатқан ешкім жоқ. Сараптама да жасалмайды. Түрлі жоба аясында мыңдаған түп тал егеді, ал олар жыл өтпей қурап қалады. Шенеуніктер ағаш отырғызуға келгенде ақшаны желге шашып жүр. Ағаштардың соншама қурап кеткенін көріп, шошып кеттім”, – дейді табиғат жанашыры Рауф Сәбитов.

Қалалық әкімдік өкілдері қурап қалған ағаштарды ерте көктемде еккендерін айтты. Сөздерінше, биыл тағы 32 гектарға 42 мыңға жуық жас көшет егіліпті. Ол үшін бюджеттен 12 миллион, оны күтіп-баптауға 10 миллион теңге бөлінген.

“Біз оларды күтіп-баптаймыз. Енді ол жерде, өзіңіз білесіз, вегитациялық мерзім дейді ғой, өзінің әр уақытысында еккенде шықпай қалған талдар бар. Біз, мысалы, күзде және көктемде уақыты келген кезде қурап кеткен жерлерде қайта тал егетін боламыз”, – дейді Тараз қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы. 

Талдары қураған тоғайдың бір бөлігі металлургия зауытына қарайды. Кәсіпорын экологі ағаштардың өспей қалуын көрші тұрған гипс зауыттарынан шығатын зиянды қалдықтармен байланыстырып отыр. Әрі қазір тал-дарақты суарып тұру да қиын дейді. Себебі бұрынғыдай арық толы су жоқ. Ал ауыз сумен суғаруға тыйым салынған. 

Талқылау