Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Қазақстандық шенеунік өзіне 90 миллион теңге пара бермек болғанын Антикорға хабарлаған

Жамбыл облысында шенеунікке 90 миллион теңге пара бермек болған үш тұрғынға сот үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Өткен жылдың наурыз айында екі айыпталушы Тараз қаласы қаржы бөлімінің басшысына 90,2 миллион теңге көлемінде пара берген. Олар сот шешімімен жойылуы тиіс болған миллион қорап темекі алуды жоспарлаған. Ал үшінші айыпталушы Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы делдал болған. Ол ақшаны қаржы бөлімінің штаттық қызметкері арқылы аударған.

Тараз қаласы әкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы мен статист іс-әрекетінің заңсыздығын түсініп, Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке арыз жазған. Параны беру Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасының қадағалауымен жүзеге асты. Нәтижесінде, күдіктілер қылмысты аяғына дейін жеткізбеген.

Прокурор сотталушылар М және Т-ға – әрқайсысына 13 жыл, ал сотталушы У-ға 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.



Сот отырысында күдіктілер өз кінәсын мойындамады.

"Сотталушылардың кінәсі жасырын тергеу әрекеттерімен, куәлардың айғақтарымен, сарапшылар мен мамандардың қорытындыларымен және басқа да заттай дәлелдемелермен анықталды. Сот сотталушылар М және Т-ның қылмыс жасаудағы ерекше белсенді рөлдерін ауырлататын мән-жайлар ретінде негізге алды. Ал У-дың іс-әрекеті ол қабылдаған антын бұзды деп танылды", – делінген хабарламада.

Сот екі сотталушыны аса ірі мөлшерде алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адамдар жасаған лауазымды тұлғаға пара бергені үшін кінәлі деп таныды. Олар 10 жыл, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы пара алуға делдал болғаны үшін кінәлі деп танылды. Ол белгілі бір лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйыммен қоса 3 жылға сотталды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның қай өңірінде сыбайлас жемқорлық көп тарағаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 02 Мамыр, 2025 15:53
Талқылау