Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шенеунік кәмелетке толмаған қызды зорлады деп айыпталды: Полиция "екі жақтың келісімі болған" деп түсіндірді

Шенеунік кәмелетке толмаған қызды зорлағанФото: Freepik.com

Батыс Қазақстан облысының Полиция департаменті кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікке ілінген шенеуніктің неліктен босатылғанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақпаратқа сәйкес, 2 қаңтарда полицияға Ақсай қаласының 16 жастағы тұрғынына қатысты заңға қайшы әрекеттер жасалғаны туралы хабарлама түскен. Кейін дерек бойынша қылмыстық іс тіркелген.

Ведомствоның мәліметінше, тергеу барысында хат алмасулар мен істің объективті қаралуына маңызды өзге де материалдар зерттелген. Тергеу нәтижесінде кәмелетке толмағанға қатысты күш қолдану фактісі анықталмаған.

“Бұл жайтты жәбірленушінің өзі және анасы да растады. Олар күдіктіге қатысты қандай да бір талап-шағымдары жоқ екенін айтып, қарым-қатынастың өзара келісіммен болғанын жеткізді”, – деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Департамент дерегіне сәйкес, күдікті аудан әкімдігі бөлімдерінің бірінде қызмет еткен. Арыз түскеннен кейін ол жұмыстан босатылған. Қазір тергеу жалғасып жатыр, іс полиция департаменті басшылығының бақылауында.

Мән-жайы

Айта кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында жоғары лауазымды шенеунік кәмелетке толмаған қызды зорлады деп айыпталғаны хабарланған еді. 

Кәмелетке толмаған қызға қатысты зорлық оқиғасы 3 қаңтарда болған. Жәбірленушінің әкесінің айтуынша, сол күні 57 жастағы ер адам оның қызын алдап үйіне кіргізіп, зорлық жасаған. Оқиғадан кейін полицияға арыз түсіп, күдікті ұсталған.

Әкенің сөзінше, ер адам кінәсін мойындап, қыз да оны таныған. Алайда біраз уақыттан соң күдікті босатылып, үйіне жіберілген. Кейін ол жәбірленуші тарапқа хабарласып, қоқан-лоқы көрсеткенін айтқан.

Әкесі тергеу жұмыстарының баяу жүріп жатқанына алаңдаулы. Оның пікірінше, іс Шыңғырлау аудандық полиция бөлімінде жеткілікті деңгейде қаралмай отыр. Қарапайым отбасы болғандықтан, адвокат жалдауға да әрең қаражат жинағанын айтып, істің жабылып қалуынан қауіптенетінін жеткізген еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 24 Ақпан, 2026 11:20