Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Шекарада шіріп жатыр”: Министрлік Өзбекстанға өткізілмек болған картопқа қатысты түсіндірді

Түркістан облысында кәсіпкерлер он күннен бері отандық картопты көрші Өзбекстанға өткізе алмай жатқаны айтылған еді. Жағдайға қатысты ауыл шаруашылығы министрлігі түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Видеодан скрин

Айта кетейік осыған дейін, Қазақстан-Өзбекстан шекарасында 10 күннен бері тұрған вагон-вагон картоптардың шіри бастағанын айтып кәсіпкерлер дабыл қаққан еді. 5 компания өкілі отандық өнімді Өзбекстанға өткізу үшін 13 қаңтарда рұқсат алып қойған. Алайда Сарыағашқа 18 қаңтарда жеткен жүк не Өзбекстанға өткізілмеген, не Қазақстанға қайтарылмаған.

Ауыл шаруашылығы министрлігі бірқатар заңсыздықтар анықталғандықтан, жүк шекарада қалып қойғанын алға тартты.

"Жүк жөнелтушілер жалпы көлемі 2.7 мың тонна картоп партиясына фитосанитариялық сертификаттарды үшінші елдерге көліктің барлық түрлерімен әкетуге тыйым салғанға дейін алғанын хабарлаймыз. Алайда, "Сарыағаш" станциясында шекарадан өту кезінде жүк жөнелтушілерге бірқатар бұзушылықтар, соның ішінде картоп құнының айтарлықтай төмендеуіне байланысты сұрақтар туындады. Құжаттарға сәйкес экспортқа сатылым, картоптың килограммына 40-50 тенгеден белгіленген”, – деді министрлік.

Вагондар мән-жайды анықтағаннан кейін Өзбекстанға жіберілген.

"Құжаттаманы тексергеннен кейін 42 вагон картоп Өзбекстан Республикасының аумағындағы межелі жерге жіберілді. Сондай-ақ, тексеру кезінде кәсіпкерлер тауардың бүліну қаупі төнген жағдайда картопты ішкі нарыққа бәсекелестік бағамен сатуға мүмкіндігі болды. Алайда 10 жүк жөнелтуші де картоптың жай-күйіне қатысты мемлекеттік органдарға шағым түсірмеген”, – деп мәлімдеді министрлік.

Айта кетейік, 2025 жылдың 18 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасынан көліктің барлық түрлерімен картопты әкетуге 6 ай мерзімге тыйым салынғанын хабарлаймыз. Бұл шектеу Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспортты қоспағанда, басқа елдерге көкөніс тасымалдауға қатысты енгізілді.

Талқылау