"Жағдайы адам төзгісіз": Қарағанды облысында тұрғындар әкімдік сатып алған жаңа үйлерге көшуден бас тартты
Фото: Видеодан скрин
Қарағанды облысының Нұра кентінде кезекте тұрған тұрғындар әкімдік сатып алған жаңа үйлерге көшуден бас тартып отыр. Ауыл халқы пәтерлердің сапасыз салынғанын айтып, онда тұруға мүлде жарамсыз деп есептейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, ғимараттар ескі құрылыс материалдарынан салынған. Соның салдарынан пәтерлерге жел соғып тұрады, көгеру пайда болған, терезелерден су өтеді, ал терезе түбіндегі еденде су жиналады. Бұған дәлел ретінде олар фото және видеоматериалдарды көрсетіп отыр.
"Бұл тегін емес қой. Ақша төлейміз. Ал ондағы жағдайлар адам төзгісіз, бізде кішкентай балалар бар. Мұндай сыз үйде тұрғымыз келмейді", – деп шағымданды Еркегүл Ғұмарова.
Кызғалдақ Үшкелбаева да көпбалалы ана ретінде тұрғын үй кезегінде бірнеше жылдан бері тұр. Бес баласы бар отбасы Нұрада айына 25 мың теңгеге ескі үйді жалдап тұрып жатыр. Кезегі келгенімен, Үшкелбаевтар жаңа үйге көшуге асықпайды.
"Мұндай үйде тіпті тышқандар да тұрмайтын шығар, себебі үй сапасыз. Бұған дейін құрылыс материалдарын көргенбіз. Ал қазір кірсең, бәрі мінсіз жасалғандай көрінеді", – дейді Кызғалдақ Үшкелбаева.
Әкімдіктегілер болса, үйлерді жеке құрылыс компаниясы салғанын, ал шенеуніктер дайын пәтерлерді ғана сатып алғанын айтып ақталды. Мамандардың сөзінше, мемлекеттік сатып алудың қатаң талаптарына байланысты олар құрылыс барысын бақылауға мүмкіндік алмаған.
"Бұл үйлерді біз конкурс арқылы сатып аламыз. Қатысушының кім болатынын алдын ала біле алмаймыз. Конкурс жарияланады, кім ең төмен баға ұсынса, сол жеңімпаз болады. Биыл міндетті түрде техникалық тексеру жүргіземіз", – деп сендірді Нұра ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Есжанов.
Ресми деректерге сенсек, шалғайдағы Нұра кентіндегі бір пәтердің құны бюджетке шамамен 20 миллион теңгеге түскен. Ал техникалық тексеру енді ғана жоспарланып отыр. Тұрғындар үйлер неге сатып алынар алдында тексерілмегеніне наразы.
Әкімдік өкілдері нысандарға үш жылдық кепілдік берілетінін айтады. Алайда ауыл тұрғындары қымбат пәтерлердегі кемшіліктерді жылдар бойы түзетіп жүруге ниетті емес.
- "Астанадағыдай оқиға қайталанса, түрмеге қамау керек": Депутаттар құрылыс компаниялары сапа мен қателер үшін жауап беретінін айтты
Еске салайық, бұған дейін Арыста жарылыстан үйі бүлінген азаматтар баспанасының жарамсыз екенін әлі күнге дейін дәлелдей алмай жүргенін жазған едік. Төрт жүздей тұрғынның сот пен әкімдік табалдырығын тоздырғанына биыл 6 жыл. Алайда, жауаптылар ешқандай шара қолданбады дейді олар.
"Әлемде мейірім барына сендіретін жандар": 2025 жылғы жан жылытар әрекеттер мен халықты тәнті еткен қазақстандықтар