"Шаңырақ көтергенімізге – 8 ай": Жоғалған тікұшақтағы ұшқыштың әйелі жазба жариялады
Фото: https://www.instagram.com/gulmir_ktk/
Алматы облысында Сорбұлақ су қоймасы маңынан бөлшектері табылған EC-145 әскери тікұшағының ұшқыштарын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналист Гүлмира Әбіқай ұшқыштың жұбайы айтқан жан тебірентер сөздерді жария етті.
“Табылмаған тікұшақта жан жарым қалды. Шаңырақ көтергенімізге – 8 ай. Вертолетта екі пилот белдігін байлап отырады, шыға алмай қалған ғой. Әйтпесе, секіріп аман қалар ма еді...” – дейді көз жасына ерік берген жас келіншек.
-
Алматы облысында жоғалған тікұшақ: Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады
-
Алматы облысында құлаған тікұшақтағы экипаждардың жеке заттары табылды
Белгілі болғандай, 29 жастағы ұшқыш Аман Амангелді Ақтөбедегі ұшқыштар институтын тәмамдаған, 6 жылдық тәжірибесі бар маман. Ол музыкант Нұрай есімді бойжеткенмен өткен жылдың соңында шаңырақ көтерген. Жас жұбайлардың үйленгендеріне бір жыл да толмаған.
Тікұшақтың жоғалғанына бес күн өтті. Ресми ақпарат аз болғандықтан, әлеуметтік желіде түрлі қауесеттер тарап жатыр. Отар маңында радардан жоғалған тікұшақтың бөлшектері 200 шақырым жерден табылғаны көпшіліктің күмәнін үдете түсті.
Сорбұлақ маңынан тікұшақ сынықтары табылды. Мамандардың айтуынша, бұл су қоймасы – көшпелі лайлы көл. Оның түбі батпақ, тереңдігі – 22 метр. Алматы қаласының кәріз сулары да осы маңға құяды. Осы себепті іздестіру жұмыстары қиынға соғуда. Дрондар да су астынан ештеңе анық көре алмай отыр. 3 экипаж мүшесі бар тікұшақтың жоғалғанына бүгін – бесінші күн. Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
"Бір көріпкел маған жеке жазып, “тікұшақтағы адамдар алтыншы күні табылады” депті. Ертең…", – деп жазды БАҚ өкілі.

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
